Live

Ақтөбе облысында "Қазхром" шахтасында жұмысшы қаза тапты

Ақтөбе облысының Хромтау ауданында "Қазхром" компаниясына қарасты шахтада қайғылы оқиға болды.

Фото: ашық дереккөз

 Өндірісте жарақат алған жұмысшы ауруханада көз жұмды.

Оқиға 29 қазанда Дон тау-кен байыту комбинатының Қазақстан Тәуелсіздігінің 10 жылдығы атындағы шахтасында болған.

Алдын ала мәлімет бойынша, жұмысшы вагондарды тіркеу кезінде ауыр жарақат алған. Зардап шеккен азамат шұғыл түрде Хромтау аудандық ауруханасына жеткізілген. Алайда дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады.

Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр

Қайғылы жағдайға байланысты арнайы комиссия құрылып, өндірістегі жазатайым оқиғаның себептері мен мән-жайын анықтау жұмыстары басталды.

Әзірге жұмысшының жасы мен жеке басына қатысты толық ақпарат жарияланған жоқ.

Айта кетейік, Дон тау-кен байыту комбинаты "Қазхром" трансұлттық компаниясының құрамына кіреді. Кәсіпорын Ақтөбе облысындағы ірі тау-кен өндірісі нысандарының бірі саналады.

Еске салайық, 20 қазанда да "Қазхромға" қарасты "Болашақ" шахтасында тау жынысы опырылып, 24 жастағы жұмысшы қаза тапқан болатын.

Осылайша, он күн ішінде компанияның өндірістік нысандарында екі адам өлімі тіркелді.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: кенші шахта