Live

Ақтөбеде студентті төртінші қабаттан дүкенге жұмсаған: 16 жастағы жасөспірім қаза тапты

Ақтөбеде колледж жатақханасының төртінші қабатынан құлап, қаза тапқан 16 жастағы студенттің өліміне қатысты сот процесі өтіп жатыр.

Фото time.kz

 Тергеу нұсқасына сәйкес, жоғары курс студенті жасөспірімді түнде дүкенге жұмсап, терезеден төсек жапқыштарының көмегімен түсірмек болған.

Оқиға биыл 29 сәуірде Ақтөбе көлік, байланыс және жаңа технологиялар колледжінің жатақханасында болған. Қайғылы жағдайдан кейін ауыр жарақат алған бірінші курс студенті Нұрбақыт Бақыт ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлер оның өмірі үшін 42 күн күрескенімен, жасөспірім көз жұмған.

Тергеу материалдарына сәйкес, сол түні колледждің төртінші курсында оқитын 21 жастағы Мәди Сүгербай бірінші курс студентін дүкенге жұмсамақ болған. Алайда жатақхананың есіктері жабық болғандықтан, жасөспірімді төртінші қабаттағы терезеден түсіру туралы шешім қабылданған. Ол үшін бес төсек жапқышты бір-біріне байлаған.

Айыптау тарапының мәліметінше, Нұрбақыт биіктіктен қорқып, бастапқыда терезеден шығудан бас тартқан. Алайда жоғары курс студенті оны асықтырған. Жасөспірім төмен түсіп бара жатқанда құлап, ауыр жарақат алған.

Сотта жатақханадағы әлімжеттік мәселесі көтерілді

Істі қарау барысында колледж жатақханасында жоғары курс студенттерінің төменгі курс студенттеріне қысым көрсеткені туралы мәліметтер де айтылған. Куәгерлердің сөзінше, жатақханада кіші курс студенттерін қорқыту және ұрып-соғу жағдайлары болған.

Марқұмның анасы Құлайым Қолова ұлының өліміне байланысты тек айыпталушы ғана емес, колледж бен жатақхана басшылығының да жауапкершілігі қаралуы керек деп есептейді.

Айыпталушы кінәсін мойындамайды

Мәди Сүгербайға Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 104-бабы – абайсызда адам өліміне себеп болу және 119-бабы – қауіпті жағдайда қалдыру бойынша айып тағылған.

Алайда сотталушы өзіне тағылған айыптарды мойындамай отыр.

Қазіргі уақытта сот процесі жалғасуда. Әзірге үкім шығарылған жоқ.

Сайт Әкімшілігі