Ақтөбеде жаяу жүргіншіні ұрлап кеткен бес ер адам сотқа тартылды
Ақтөбеде жол үстіндегі жанжалдан кейін жаяу жүргіншіні ұрлап әкетті деп айыпталған бес ер адамға қатысты сот процесі басталды.
Қылмыстық істі Ақтөбе қаласының №2 соты қарап жатыр. Айыптау материалдарына сәйкес, оқиға биыл шілде айында болған.
Жәбірленуші таксиге отырып, шаруасымен кетпек болған кезде бес ер адам оның үйінің алдына келген. Олар жас жігітті көліктен күштеп шығарып, Lexus маркалы автокөлікке отырғызған да, белгісіз бағытқа алып кеткен.
Алайда оқиғаны үшінші көліктің бейнетіркегіші түсіріп алған. Куәгер бірден 102 нөміріне хабарласып, полиция шақырған. Соның нәтижесінде құқық қорғау органдары дер кезінде араласқан.
Тергеу барысында адам ұрлауға бір күн бұрын болған жолдағы жанжал себеп болуы мүмкін екені анықталған.
Атап айтқанда, жәбірленуші Ақтөбедегі «Москва» тұрғын алабында жаяу жүргіншілер өткелінен өтіп бара жатқанда, жолақтың үстіне Lexus көлігі тоқтаған. Осыған байланысты жүргізуші мен жаяу жүргінші арасында сөзге келіспеушілік туындаған. Кейін екеуі екі жаққа кеткен.
Алайда тергеу нұсқасына сәйкес, жүргізуші бұл жанжалды ұмытпай, жаяу жүргіншінің тұрғылықты мекенжайын анықтаған. Келесі күні таныстарын ертіп келіп, оны күштеп алып кеткен.
Қазір бес ер адамға адам ұрлау және бұзақылық баптары бойынша айып тағылып отыр.
Сотталушылардың ешқайсысы өз кінәсін мойындамаған.