Қоғам

Арье Лайтстоун Тоқаевқа Трамптың ыстық ықыласын жеткізді

Мемлекет басшысы Бейбітшілік кеңесінің Аға кеңесшісі Арье Лайтстоунды қабылдады Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Бейбітшілік кеңесіне қатысуының маңызын атап өтіп, ұйым аясында нәтижелі ынтымақтастық орнатуға бейіл екенін жеткізді.

Фото: Ақорда

Арье Лайтстоун Қазақстан Президенті мен халқын Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтап, елімізге бейбітшілік және бақ-береке тіледі. Сондай-ақ ол Мемлекет басшысына АҚШ Президенті Дональд Трамптың ыстық ықыласы мен лебізін жеткізді. Бейбітшілік кеңесінің өкілі Қазақстанның осы және басқа да халықаралық ұйымдар жұмысына белсене қатысатынын, соның ішінде Ибраһим келісімдеріне қосылу жөнінде шешім қабылдағанын жоғары бағалады.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Арье Лайтстоун көлік-логистика саласындағы ынтымақтастық, TRIPP және Орта дәліз аясындағы ықпалдастық перспективасын талқылады. Қазақстанның өңіраралық өзара байланысты нығайтуға және халықаралық көлік бағдарын әртараптандыруға қызығушылық танытатыны атап өтілді.

Кездесу соңында Президент пен Ұйым өкілі екіжақты және көпжақты күн тәртібіндегі ауқымды мәселелер бойынша ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге дайын екенін растады.

Сайт Әкімшілігі