Арқалықта қаңғыбас жануарларды «эвтаназиялау» мерзімін қысқартуға қарсы митинг өтпей қалды
Бұған дейін қала әкімдігі рұқсат берген митинг сенбі күні Арқалықта өтуі тиіс еді, алайда ол түрлі себептермен жүзеге аспай қалды.
Бұл туралы оның ұйымдастырушысы, жануарларға жауапкершілікпен қарау мәселелері жөніндегі қоғамдық инспектор Татьяна Чокан мәлімдеді.
Провокация және кедергі
Зооқорғаушының айтуынша, митингке барар алдында белгісіз ер адам оның жолын бөгеп, таксиге отыруына кедергі жасаған. Видеода ол қызына иттер шабуыл жасағанын айтып, ұйымдастырушыны көлікке жібермегені көрінеді.
Чокан полиция шақырған, кейін оларды ер адаммен бірге полиция бөлімшесіне жеткізген. Оның айтуынша, сол жерде уақыт әдейі созылған:
«Арыз жазатын бланк болмады, принтер істемеді, басқармаға бардық – бір сағат уақыт жоғалттық», – дейді ол.
Митинг орны «жабылып қалған»
Нәтижесінде ұйымдастырушы митинг аяқталуына небәрі 10 минут қалғанда ғана жеткен. Бірақ жоспарланған жерде кенеттен «апатқа байланысты құрылыс жұмыстары» басталып кеткен. Осы сылтаумен жиналған адамдарды таратып, аумақ қоршауға алынған.
Сағат 13:00-ден кейін, яғни митинг уақыты аяқталған соң, техника сол жерден кетіп қалған.
Белсенділердің ұстанымы
Татьяна Чокан митингте айтылуы тиіс негізгі талаптарды видеоүндеу арқылы жеткізді:
– Арқалық тұрғындары бұл түзетулерге қарсы;
– Жаңа өзгерістер үй жануарларын да аулауға тапсыруға мүмкіндік береді;
– Қалада жануарларды уақытша ұстайтын орын жоқ;
– Сондықтан жануарлар сол жерде бірден жойылуы мүмкін.
«Біз жаппай жоюға қарсымыз. Біз ОСВВ бағдарламасын қолдаймыз. Бірақ ол біздің қалада төрт жыл бойы дұрыс жүзеге аспады», – деді ол.
Оның мәліметінше, соңғы төрт жылда ОСВВ (аулау, стерилизация, вакцинация және қайта жіберу) бағдарламасы аясында небәрі 25 ит стерилизацияланған, оның ішінде ұрғашы иттер мүлде қамтылмаған.
«Біз қолданыстағы заңды қолдаймыз. Балаларымыз бен халықтың қауіпсіз болғанын қалаймыз. Бірақ қауіпсіздік – жануарларды жаппай қыру емес», – деді зооқорғаушы.
Заңдағы өзгерістер
8 сәуірде Мәжіліс «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңға өзгерістер енгізу туралы заң жобасын қабылдады. Ол қаңғыбас жануарларды «аулау» қағидасын енгізуді және оларды ұстау мерзімін (кейін «эвтаназия» қолданылатын уақытты) үш есеге қысқартуды қарастырады.
Осыдан кейін Қазақстан азаматтары президент әкімшілігіне бұл түзетулерге қарсы өтініштер жолдап, қол жинай бастаған.