спорт

Артём Саркисян Азия ойындарында тарихи қола жүлде жеңіп алды

Қазақстандық семсерлесуші Артём Саркисян Жапонияда өтіп жатқан Азия ойындарында қола медаль иеленді.

Фото: ҰОК

 Бұл – Қазақстанның семсерлесудің сабля түрінен жекелей сында кейінгі 32 жылда алған алғашқы жүлдесі.

Жартылай финалда Артём Саркисян әлемнің ең мықты сабляшылардың бірі, Оңтүстік Корея өкілі, үш дүркін Олимпиада чемпионы О Сан Укпен кездесті.

Қазақстандық спортшы қарсыласына 9:15 есебімен есе жіберіп, жарысты қола жүлдемен аяқтады.

Саркисян бұған дейін де Азия ойындарына қатысқан. 2023 жылы Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен додада ол ширек финалға дейін жеткенімен, жүлдеге іліге алмады.

Осылайша Артём Саркисянның Аичи–Нагоядағы жетістігі Қазақстан семсерлесуі үшін тарихи нәтиже болды: еліміз саблядан жекелей сында 32 жылдан кейін алғаш рет Азия ойындарының медалін жеңіп алды.

23 қыркүйектегі мәлімет бойынша Қазақстан құрамасының қоржынында 17 медаль бар: 7 алтын, 4 күміс және 6 қола. Жалпы медаль кестесінде Қазақстан төртінші орында келеді.

Сайт Әкімшілігі