спорт

Асаубаеваны қаржыландыру дауына байланысты Өзбекстанға шақырып жатыр

Қазақстандық шахматшы, әлем чемпионы Бибісара Асаубаеваның Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа жолдаған үндеуі әлемдік шахмат қауымдастығында қызу талқыланып жатыр.

Фото: gov.kz

Sports.kz хабарлауынша, спортшы халықаралық турнирлерге дайындықты қаржыландырудағы қиындықтар туралы мәлімдегеннен кейін X әлеуметтік желісінде оған қолдау білдіргендер көбейген.

Пікір қалдырушылардың бірі кәсіби шахматшыға түсетін жүктеменің ауыр екенін айтып, Асаубаеваға мемлекет тарапынан көмек көрсетіледі деп үміт білдірген.

Басқалары жағдайды өкінішті деп бағалап, қазақстандық шахматшының әлемдік шахматтағы үлгі тұтар тұлға екенін атап өткен.

Талқылау барысында шахматшыларды қаржыландыру мәселесі де көтерілді. Кейбір қолданушылар саясаткерлер мен ірі компаниялар шахматтың танымалдылығын және чемпиондардың ел беделін арттырудағы рөлін жеткілікті деңгейде бағаламайды деген пікір айтқан.

Әсіресе Өзбекстан қолданушыларының пікірлері назар аудартты. Олардың бірқатары Бибісара Асаубаеваға көрші елдің атынан өнер көрсетуге ұсыныс жасаған.

«Біз сізді Өзбекстан құрамасына шақырамыз», – деп жазды желі қолданушыларының бірі.

Тағы бір қолданушы: «Өзбекстанға ауысатын уақыт келген жоқ па?» – деген сауал тастаған.

Бұл талқылауға Өзбекстанның жетекші шахматшыларының бірі, гроссмейстер Жавохир Синдаров та үн қосып, пікір астына леп белгісін қалдырған.

Бұған дейін Бибісара Асаубаева Қазақстан президентіне үндеу жасап, халықаралық жарыстарға дайындықты қаржыландыру мәселесін көтерген болатын.

Оның айтуынша, беделді Norway Chess турнирі алдындағы оқу-жаттығу жиындары өз қаражаты мен ата-анасының көмегі арқылы ұйымдастырылған. Сонымен қатар спорттық құрылымдар тарапынан төленетін кейбір қаржы көлемі қысқарғанын айтқан.

КейінТуризм және спорт министрлігі төлемдердің азаюын заңнамадағы өзгерістермен түсіндірді. Ведомство мәліметінше, 2025 жылдан бастап спортшыларды қаржыландыру басым спорт түрлерінің тізімі бойынша жүзеге асырылады, ал шахмат бұл тізімге енбеген.

Сонымен бірге министрлік Sport Qory қоры арқылы Асаубаеваға халықаралық жарыстарға дайындалу үшін 100 миллион теңге бөлінгенін, ал биылғы жалпы қолдау көлемі шамамен 160 миллион теңгеге жеткенін хабарлаған.

Тақырыпқа деген қызығушылық Асаубаеваның жуырда Norway Chess жарысында жеңіске жетуімен де күшейе түсті. Ол аталған турнир тарихындағы ең жас чемпион атанды.

Жарыстан кейін шахматшы Formula 1 Monaco Grand Prix өтетін Монте-Карлоға барып, VIP қонақ ретінде қатысқан. Оның жанында өзбекстандық гроссмейстер Жавохир Синдаров болған.

Бұған дейін де Асаубаева мен Синдаровтың бірге түскен суреттері әлеуметтік желілерде қызу талқыланған еді. Өзбек шахматшысының туыстары олардың әзірге достық қарым-қатынаста екенін және бір-бірін бұрыннан танитынын айтқан.

Сайт Әкімшілігі