Live

Әскерде соққыға жығылған бұрынғы сарбаз екі апта комада жатып, қазір баспанасыз қалды

Интернатта тәрбиеленген бұрынғы әскери қызметші Мадияр әскери борышын өтеу кезінде соққыға жығылып, ауыр жарақат алғанын мәлімдеді.

Фото: ашық дереккөз

 Оның оқиғасын қоғам белсендісі Гүлмира Абықай жариялады.

Мадияр 2025 жылдың мамырында әскерге шақырылып, Семейдегі Төтенше жағдайлар министрлігінің №68303 әскери бөліміне барған. Жас жігіттің айтуынша, 6 шілдеде офицер оның басынан ұрып, кейін басқа әскери қызметші де соққы жасаған. Салдарынан Мадияр екі апта комада жатып, шамамен екі ай ауруханада емделген.

Мадиярдың сөзінше, бірнеше айдан кейін офицер одан ешқандай шағымы жоқ екені туралы қолхат жазуды сұрап, 100 мың теңге берген. Кейін оны Алматыға жіберген.

Қазір бұрынғы сарбаздың денсаулығы ауыр. Ол сөйлей алмайды, тамағына түтік орнатылған және ота қажет. Жақында баспанасыз қалып, бірнеше күн тамақсыз жүрген. Қазір ол уақытша қауіпсіз жерге орналастырылған.

Алайда Мадияр үшін қазіргі таңда басты мәселе – материалдық көмек емес. Ол өзін ұрып-соққандардың анықталып, жауапқа тартылуын талап етеді.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: сарбаз