Әскерден мүгедек болып оралған Ербаян Мұхтар жансақтау бөліміне түсті
Қазақстан Ұлттық ұланы қатарында қызмет етіп жүріп комаға түскен 22 жастағы сарбаз Мұхтар Ербаян шұғыл түрде Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығына жатқызылды.
Бұл туралы оның реабилитолог маманы хабарлады. Айтуынша, қазіргі уақытта Мұхтар жансақтау бөлімінде жатыр. Сонымен қатар оның ата-анасы ұлының нақты жағдайы туралы толық ақпарат ала алмай отырғанын айтқан.
Еске салайық, Мұхтар Ербаян әскери қызметінің жарты жылынан кейін комаға түскен. Әскери құрылымдар оқиғаны дәретханада құлап қалумен байланыстырған. Алайда сарбаздың отбасы бұл нұсқамен келіспейді.
Содан бері қазақстандықтар жас жігіттің тағдырын жіті бақылап, оның туыстарына қолдау білдіріп келеді. Реабилитолог маман қазақстандықтарды бейжай қалмауға шақырып, Мұхтарға дұға жасап, жылы лебіз білдіруді сұрады.