Астана мен Қостанай бағытында қатынайтын пойызда жолаушы көз жұмды
Астана мен Қостанай бағытында қатынайтын пойызда жолаушы көз жұмды.
Бұл туралы Egov.press Telegram-арнасы хабарлады.
Арнаның мәліметінше, қайғылы оқиға жеке тасымалдаушыға тиесілі Сарыарқа компани пойызында болған. Алдын ала ақпарат бойынша, жолаушының өліміне жүрек талмасы себеп болуы мүмкін. Алайда бұл мәлімет әзірге ресми түрде расталған жоқ.
Оқиғаға қатысты Қазақстан темір жолы түсініктеме беріп, аталған пойыздың жеке тасымалдаушыға тиесілі екенін мәлімдеді.
«Бұл пойыз "Сарыарқа компани" ЖШС-не тиесілі. Жеке тасымалдаушылардың қызметі "Жолаушылар тасымалы" АҚ-на және жалпы ҚТЖ қызметіне қатысы жоқ», – делінген компания хабарламасында.
Сондай-ақ ҚТЖ жеке тасымалдаушылардың қызметі Қазақстан Республикасының Көлік министрлігі тарапынан реттелетінін атап өтті.
«Осыған байланысты сауалдарыңызды аталған мемлекеттік органға немесе тікелей тасымалдаушы компанияға жолдай аласыздар», – деп хабарлады ҚТЖ.