Live

Астанада 5 айлық сәбиімен бірге ұшаққа жіберілмеген жолаушыға қатысты Air Astana тексеріс бастады

Астанадан Оралға ұшпақ болған 5 айлық сәбиі бар жолаушы Air Astana рейсіне жіберілмеген.

Фото: Көлік министрлігі

Әлеуметтік желіде қызу талқыланған оқиғаға байланысты әуе компаниясы қызметтік тексеріс бастағанын мәлімдеді.

Оқиға туралы жолаушының танысы Жансая Изғалиева Threads желісінде жазды. Оның айтуынша, жас ана бизнес-классқа билет алған және әуежайдағы тіркеу орнына ұшуға бір сағат қалғанда келген.

Жолаушылардың сөзінше, олар сәбиімен және жүгімен бірге ұшатынын айтқанына қарамастан, қызметкерлер оларды бизнес-класс жолаушыларына арналған бөлек тіркеу орнына емес, жалпы кезектің соңына жіберген. Кезек жеткенде тіркеу жабылып қалғаны хабарланып, жүкті және балалар арбасынсыз ұшуды ұсынған.

Жолаушылар әуе компаниясы басшылығын шақыруды талап етіп, мәселені шамамен жарты сағат талқылаған. Осы уақыт ішінде ұшақ ұшып кеткен. Кейін билет басқа күнге 50 мың теңге қосымша төлеммен ауыстырылатыны айтылған.

Air Astana мәліметінше, ішкі рейстерге тіркеу ұшуға 40 минут қалғанда жабылады. Компания бизнес-класс жолаушылары жеке тіркеу орны арқылы кезексіз қызмет алуы тиіс екенін атап өтіп, қызметкердің жолаушыларды жалпы кезекке жіберген-жібермегенін анықтау үшін қызметтік тексеріс жүргізіп жатқанын хабарлады.

Әуе компаниясы әуежайдағы бейнебақылау жазбаларын сұратқанын және оқиға кейін реттеліп, жолаушының Алматы арқылы транзитпен діттеген жеріне жеткізілгенін мәлімдеді. Тексеру жалғасып жатыр.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: Air Astana