Астанада азаматтардың банк деректерін қолға түсіру үшін жаппай фишингтік SMS таратқан қылмыстық топ ұсталды
Астанада азаматтардың банк деректері мен жеке мәліметтерін қолға түсіру үшін жаппай фишингтік SMS таратқан қылмыстық топтың әрекеті әшкереленді. Күдіктілер төрт күн ішінде шамамен 150 мың хабарлама жіберген.
Қылмыстық схеманың жолын елорда прокуратурасының үйлестіруімен жүргізілген арнайы шаралар барысында құқық қорғау органдары кесті.
Тергеу мәліметінше, биыл қаңтар айында Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің бірінің азаматы Қазақстанда заңсыз қызмет ұйымдастыру үшін жергілікті тұрғынды ақшаға тартқан. Кейін схемаға арнайы жабдықтың үздіксіз жұмысын қамтамасыз еткен бірнеше адам қосылған.
Күдіктілер ұялы байланыс базалық станциясының жұмысын имитациялайтын «SMS-бластер» құрылғысын пайдаланған. Оның көмегімен байланыс операторларының сүзгі жүйелерін айналып өтіп, абоненттердің телефондарына көп көлемде хабарлама жіберген.
Төрт күн ішінде Beeline, Kcell және Activ абоненттеріне белгілі компаниялардың атынан жалған акциялар мен бонустар туралы шамамен 150 мың SMS жолданған.
Хабарламадағы сілтемеге өткен азаматтар жалған сайтқа бағытталған. Онда пайдаланушылардан жеке және банктік ақпараттарын, оның ішінде банк картасының деректемелерін, CVV кодын және SMS арқылы келген растау кодын енгізу талап етілген. Осылайша күдіктілер азаматтардың құпия деректері мен банк шоттарындағы қаражатына қол жеткізуді көздеген.
Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігі жүргізген іс-шаралар нәтижесінде SMS-бластер тәркіленді. Сараптама оның жедел-іздестіру шаралары мен жасырын тергеу әрекеттеріне арналған арнайы техникалық құрал екенін анықтаған.
Қылмыстық іс ҚР Қылмыстық кодексінің 399-бабы 2-бөлігі бойынша тергеліп жатыр. Бұл бап ақпаратты жасырын алуға арналған арнайы техникалық құралдарды заңсыз дайындау, өндіру, сатып алу, өткізу немесе пайдалануға қатысты.
Қазір төрт күдікті қамауда отыр. Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.ҚПК-нің 201-бабына сәйкес, тергеу барысына қатысты өзге мәліметтер әзірге жарияланбайды.