Астанада егізінен айырылған әйелдің жағдайына байланысты тексеріс басталды
Астанада егізге жүкті әйелдің екі сәбиі де шетінеп кеткеннен кейін қызметтік тексеріс жүргізіліп жатыр.
Оқиға туралы науқастың туыстары хабарлаған. Астана қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы жағдай бақылауда екенін мәлімдеді.
Әйелдің туысының айтуынша, жүктіліктің алтыншы айында егіздің бірінің шаранасы шетінеп кеткен. Отбасының сөзінше, дәрігерлер жүктілікті әрі қарай жалғастыруға болатынын айтқан. Арада бірнеше апта өткен соң әйелдің денсаулығы сыр беріп, талдау нәтижелері нашарлай бастаған.
Кейін әйел перинаталдық орталыққа жатқызылған. Туыстары шұғыл операция жасау туралы шешім ауруханаға түскеннен бірнеше күннен кейін ғана қабылданғанын айтады. Екінші сәби жүктіліктің 31-аптасында дүниеге келгенімен, шамамен бір тәуліктен кейін шетінеп кеткен.
Отбасы баланың өлімін сепсиспен байланыстырады. Алайда жарияланған ақпаратта сәбидің өліміне қатысты ресми медициналық қорытынды келтірілмеген.
Астана қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы әйелдің қазір босанғаннан кейінгі бөлімде жатқанын, ем қабылдап, дәрігерлердің бақылауында екенін хабарлады.
Оқиғаға байланысты қызметтік тексеріс басталған.
"Тексеру қорытындысы бойынша тиісті баға беріледі", – деп мәлімдеді басқарма.