Live

Астанада футбол қақпасы 9 жастағы баланың үстіне құлады: қылмыстық іс қозғалды

Астанада Қазақстан футбол федерациясының орталығында футбол қақпасы 9 жастағы баланың үстіне құлап, ауыр жарақат алды. Полиция оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғады.

Фото: ашық дереккөз

Оқиға 10 тамыз кешке болған.

Астана қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, жаттығу кезінде бала футбол қақпасына асылған. Соның салдарынан конструкция құлап, баланың үстіне түскен.

«9 жастағы баланың үстіне футбол қақпасының құлау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Жаттығу кезінде баланың футбол қақпасына асылғаны, соның салдарынан конструкцияның оның үстіне құлағаны анықталды. Бала жарақат алды, оған қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп, оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда», – деп хабарлады полиция.

Қазақстан футбол федерациясы бұған дейін оқиғаның мән-жайын анықтауға құзырлы органдарға көмектесуге дайын екенін мәлімдеген.

Астана қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, баланың жағдайы ауыр.

«Бала жансақтау бөлімінде жатыр. Жағдайы ауыр деп бағаланады. Қажетті қарқынды терапия жүргізіліп, медициналық көмектің барлық түрі көрсетіліп жатыр», – делінген ведомство хабарламасында.

Қазақстанда мұндай жағдайлар бұған дейін де болған

2023 жылы Астанадағы №10 мектеп аумағында футбол қақпасы 10 жастағы баланың үстіне құлаған. Оқушы алған жарақатынан қайтыс болды.

Осыған ұқсас қайғылы жағдай Ақтауда да тіркелген. Футбол қақпасы 16 жастағы жасөспірімнің үстіне құлап, ол комаға түскен, кейін көз жұмған.

Сондай-ақ футбол қақпасының балалардың үстіне құлау деректері Теміртау, Қарағанды, Көкшетау және Қазақстанның басқа қалаларында да тіркелген.

Сайт Әкімшілігі