Астанада футбол матчы кезінде аяғын жалаңаяқ алдыңғы орындыққа қойып отырған жанкүйерге айыппұл салынды
Астанада өткен «Астана» – «Ақтөбе» футбол матчы кезінде қоғамдық тәртіпті бұзған 28 жастағы қала тұрғыны әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Сот материалдарына сәйкес, жанкүйер матч барысында аяқ киімін шешіп, жалаңаяқ аяқтарын алдыңғы қатардағы орындықтың арқалығына тіреп отырған. Ер адамның әрекеті түсірілген бейне әлеуметтік желілерде тарағаннан кейін полиция қызметкерлері мониторинг жүргізіп, оның жеке басын анықтаған.
Сот отырысында құқық бұзушы өз кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкінетінін айтқан.
Сот оның әрекетін қоғамдық тәртіпті бұзып, айналасындағыларға құрметсіздік танытқан ұсақ бұзақылық деп бағалап, 20 айлық есептік көрсеткіш (86 500 теңге) көлемінде айыппұл салды.
Сот қаулысы әзірге заңды күшіне енген жоқ.