Live

Астанада  қауіпті инфекция ересектер арасында да таралып жатыр

Астанада ересек тұрғындар арасында қызылша ауруы көбейіп келеді. Бұл туралы брифингте елорданың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Сархат Бейсенова мәлімдеді.

Фото: из открытых источников

Бас санитарлық дәрігердің айтуынша, жыл басынан бері Астанада қызылшаның 1890 бастапқы және расталған 532 жағдайы тіркелген, оның ішінде ауру жұқтырған 381-і 14 жасқа дейінгі балалар.

«Желтоқсанмен салыстырғанда бір жасқа дейінгі, 2 жасқа дейінгі балалар арасында ауру көрсеткішінің төмендеуі байқалады. Бірақ ересектер арасында қызылшаның таралу көрсеткіші 37,3 пайызға өсті», - деді Бейсенова брифинг барысында.

Бас санитарлық дәрігердің айтуынша, иммундау мүмкіндігінше тиімді болуы үшін тұрғындарды егумен қамту 95 пайыздан кем болмауы керек. Тек осы жағдайда ғана сырқаттану жағдайы жақсарады.

«Қызылша – өте жұқпалы ауру, оның ерекшелігі де осы. Сондықтан біз ата-аналарды балаларына қосымша екпе алуға шақырамыз.Қазір адамдар инфекциядан қорықпайды және қызылшаның ауыр асқынуларға әкелетін жасырын ауру екенін түсінбейді. Вирус жөтелгенде, түшкіргенде, науқас адаммен жақын қарым-қатынаста болғанда тарайды. Ауруды тек вакцина арқылы ғана жұқтырмауға болады», - деді  Сархат Бейсенова.

Бір күн бұрын Мәжілісте коронавирус жағдайына байланысты бетперде режимі енгізілген болатын. 7 ақпаннан бастап Парламенттің төменгі палатасында отырыстар мен басқа да бұқаралық іс-шаралар онлайн форматқа ауыстырылды немесе бетперде кию режимі мен санитарлық нормаларды қатаң сақтай отырып өтеді.

Айта кетейік,  қазақстандықтардан бетперде киюге қайта оралу талап етілуде. Денсаулық сақтау министрлігі Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің баспасөз қызметі хабарлағандай, 2024 жылғы қаңтарда өткен жылдың желтоқсанымен салыстырғанда елде коронавирус инфекциясы 2,5 есеге өскен.

Т. РАУШАНҰЛЫ
Тегтер: қызылша