Астанада құрылыс краны құлап, бір адам қаза тапты
Астанада құрылыс жұмыстары кезінде кран құлап, кран жүргізушісі қаза тапты. Бұл туралы қалалық Төтенше жағдайлар департаменті хабарлады.
Оқиға 27 тамызда болған.
«27 тамызда құрылыс жұмыстарын жүргізу барысында құрылыс краны құлады. Салдарынан кран жүргізушісі қаза тапты», – делінген ТЖД хабарламасында.
Оқиға орнына полиция қызметкерлері мен жедел жәрдем бригадасы келген. Дәрігерлер ер адамның алған жарақаттары өмірмен үйлеспейтінін айтып, оның қайтыс болғанын растады.
Қазір аталған дерек бойынша тексеру жүргізіліп жатыр. Полиция оқиғаның барлық мән-жайын анықтауда.