Live

Астанада сегіз айда АИТВ жұқтырған 250-ге жуық адам анықталды

2026 жылдың алғашқы сегіз айында Астанада АИТВ инфекциясының 247 жаңа жағдайы тіркелді. Былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда көрсеткіш айтарлықтай өзгермеген.

Фото: Фиджи Денсаулық сақтау министрлігі

Астана қаласының АИТВ инфекциясының алдын алу орталығының мәліметінше, 2025 жылдың қаңтар-тамыз айларында 248 жағдай анықталған. Биыл бұл көрсеткіш бір адамға азайды.

Жаңадан анықталған 247 адамның 154-і – ер адам, 93-і – әйел. Бұл тиісінше 62,3 және 37,7 пайызды құрайды.

Инфекция жұқтыру жағдайларының басым бөлігі жыныстық жолмен тараған. Атап айтқанда, 77,7 пайызы гетеросексуалды қатынас кезінде, тағы шамамен 13 пайызы ерлер арасындағы жыныстық қатынас арқылы жұққан. Есірткіні инъекциялық жолмен қолдануға байланысты жағдайлардың үлесі шамамен 8 пайыз болған. 14 жасқа дейінгі балалар арасында жаңа жағдай тіркелмеген.

Мамандардың бағалауынша, қазір елордада АИТВ-мен өмір сүретін шамамен 3,8 мың адам бар. Олардың 3311-і, яғни 87 пайызы өзінің АИТВ мәртебесін біледі.

Дәрігерлер АИТВ-ны ерте анықтау антиретровирустық терапияны дер кезінде бастауға мүмкіндік беретінін еске салады. Тұрақты ем қабылдаған жағдайда инфекцияның дамуын бақылауда ұстап, вирустың басқа адамға берілу қаупін айтарлықтай төмендетуге болады.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: АИТВ ВИЧ