Астанадағы трагедия: өрт сөндірушілердің өтуіне кедергі келтірген автокөлік иесіне айыппұл салынды
Астанада полиция өрт болған «Көркем-3» ауласына өту жолын бөгеп тастаған автокөлік жүргізушісін жазалады. Бұл туралы Tengrinews.kz жазды.
Полиция мәліметінше, ереже бұзып, жолға қойылған автокөлік оқиға орнынан дереу алынған.
«Жүргізуші анықталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Азаматтардың қауіпсіздігіне қатер төндіретін және шұғыл қызметтердің жұмысына кедергі келтіретін бұзушылықтар қатаң түрде тыйылады», - деп мәлімдеді департамент.
Жүргізуші Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 597-бабы — «Көлік құралдарын тоқтату немесе тоқтатып қою қағидаларын бұзу» бойынша жазаланды. Бұл бап бойынша 5 АЕК-тен (2026 жылы 21 625 теңге) бастап 15 АЕК-ке (64 875 теңге) дейін айыппұл қарастырылған. Айыппұл мөлшері құқық бұзушылықтың қаншалықты ауыр болғанына байланысты.
Айта кетейік, 12 сәуірге қараған түні Астанадағы Түркістан көшесінде орналасқан 21 қабатты тұрғын үйдің 15-қабатындағы пәтерден өрт шықты. Пәтер ішінен үш баланың мәйіті табылды. Өрт сөндірушілер бір әйелді құтқарып үлгерді – ол күйік шалып, ауруханаға жатқызылды. Жоғарғы қабаттардан 20 адам эвакуацияланды, тағы 40-қа жуық адам ғимараттан өз бетінше шықты. Қылмыстық іс қозғалды.
Әлеуметтік желілерде автокөліктердің бірі өрт сөндіру машиналарының жолын бөгеп тастағаны, соның салдарынан олар оқиға орнына дер кезінде жете алмағаны туралы ақпарат тарады.
Кейінірек Астана ТЖД ТЖК ауласына кіреберістің темір қақпамен жабылғанын, ал ауланың автокөліктерге толып кеткенін растады.
Дүйсенбі, 13 сәуір күні Астана денсаулық сақтау басқармасы өрттен зардап шеккен әйелдің жағдайы туралы айтты. Ол қазір жансақтау бөлімінде ауыр халде жатыр. Ол №1 көпбейінді қалалық ауруханаға жатқызылған.