Астанадағы жарылыстан зардап шеккендер саны артты: бір бала ауруханаға жеткізілді
Астанада Жиенқұлова көшесіндегі дәмханада газ баллоны жарылғаннан кейін зардап шеккендер саны төрт адамға жетті. Олардың арасында бір бала бар.
Астана қаласының Денсаулық сақтау басқармасы оқиғадан зардап шеккендердің қай ауруханаларға жеткізілгенін мәлімдеді.
Нақтыланған мәлімет бойынша, төрт адамның үшеуі ауруханаға жатқызылған:
Екі ересек адам №1 көпбейінді қалалық ауруханаға жеткізілді;
Бір бала №2 көпбейінді қалалық балалар ауруханасына жатқызылды.
Ал тағы бір зардап шегуші дәрігерлердің тексеруінен кейін амбулаториялық ем алуға жіберілді.
Ведомство барлық зардап шеккендерге қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатқанын хабарлады.
Еске салайық, оқиға Астанада тандыр самса дайындалатын қоғамдық тамақтану орнында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, 50 литрлік газ баллонының жарылуы салдарынан ғимарат төбесінің бір бөлігі опырылып, жарылыстың екпінінен есік қираған.