Саясат

Атырау қаласы әкімінің орынбасары ұсталды

Бейресми дереккөздердің мәліметінше, Атырау қаласы әкімінің орынбасары Мейіржан Мұқасов ұсталған.

Фото: gov.kz

Бұл туралы "Ақ Жайық" басылымы жазды.

Ақпаратқа сәйкес, істі Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Атырау облысы бойынша департаментінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі тергеп жатыр.

Дереккөздердің хабарлауынша, қылмыстық іс материалдарында тағы бір күдікті және 40 миллион теңге көлеміндегі қаражат туралы мәліметтер бар.

Сондай-ақ ұсталғаннан кейін Мейіржан Мұқасовтың процессуалдық келісім жасауға ниет білдіргені, алайда кейін бұл шешімінен бас тартқаны айтылып отыр.

Материал жарияланған сәтке дейін редакция жолдаған ресми сауалдарға ҰҚК департаменті мен облыстық прокуратурадан жауап түспеген.

Мейіржан Мұқасов Атырау облысының тумасы. Мемлекеттік қызметте 2013 жылдан бері еңбек етіп келеді.

Әр жылдары қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінде түрлі қызметтер атқарған. Кейін Атырау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімін басқарған. Сонымен қатар облыстық қаржы басқармасының, мемлекеттік сатып алу және коммуналдық меншік басқармасының басшысы қызметтерін атқарған.

Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары тарапынан ресми түсініктеме берілген жоқ.

Сайт Әкімшілігі