Атырауда 3 жастағы егіздерге жасалған болжамды жыныстық зорлық ісі жетінші рет тоқтатылды
Атырау облысында 3 жастағы егіздерге қатысты болжамды жыныстық зорлық фактісі бойынша қозғалған қылмыстық іс арада үш жылға жуық уақыт өтсе де сотқа жеткен жоқ.
Тергеу осы уақыт ішінде жеті рет тоқтатылып, қайта жанданған.
Оқиға 2023 жылдың қараша айында басталған. Балалардың анасы олардың туған әкесіне күдік келтіріп, полицияға арыз берген. Ананың қолындағы бейнежазбаларда балаларды медициналық тексеру сәті көрсетілген. Атыраудағы жалғыз балалар проктологы Валерий Кривчач ұл мен қызды тексеріп, екі жағдайда да «бұл – зорлау» деген қорытынды жасаған.
Кейін психологиялық-психиатриялық сараптама да бүлдіршіндердің айтқандары бастан өткерген психологиялық жарақатқа сәйкес келетінін және ойдан шығарылмағанын көрсеткен.
Соған қарамастан, балалар проктологының қорытындысы негізгі дәлел ретінде қабылданбаған. Бұған дейін маманды іске тартқан тергеу кейінгі комиссиялық сараптамаларға оны белгісіз себептермен қоспаған. Сараптамаларды тек балалар хирургтері жүргізген. Алайда олардың өздері де мұндай жағдайларды бағалау балалар проктологының құзыретіне жататынын көрсеткен.
Іс бойынша жалпы 11 сараптама тағайындалғанымен, балалар небәрі екі рет ғана көзбе-көз тексерілген: алғаш рет Атырауда, ал екінші рет бір жыл сегіз айдан кейін, 2025 жылдың шілдесінде Алматыда.
Кейінгі комиссиялық сараптамалардың қорытындысында анықталған өзгерістердің созылмалы іш қату секілді жарақатқа қатысы жоқ себептерден де болуы мүмкін екені айтылған. Қалған тоғыз сараптама балаларды қайта қарамай, тек медициналық құжаттар негізінде сырттай жүргізілген.
Кейін іс материалдарында Атырау мен Алматыда комиссия құрамына балалар проктологын тарту «мүмкін болмағаны» көрсетілген. Алайда мұндай мамандар екі қалада да бар екені белгілі.
Тергеу барысында балалардың әкесі бір кезеңде ресми түрде күдікті деп танылған. Бірақ кейін комиссиялық сараптамалардан соң іс қылмыстық құқық бұзушылық құрамы жоқ деген негізбен тағы тоқтатылған. Прокуратура бұл шешімді өзгеріссіз қалдырды.
Істе тағы бір жайт назар аудартады. Анасының айтуынша, күдікті Атырау облысының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьяларының біріне туыстық қатысы бар. Мұны растау үшін әйел олардың бірге түскен той суретін ұсынған.
Жуырда анасы қылмыстық істің жетінші рет тоқтатылғанын білген. Соған қарамастан, ол әділдік үшін күресті жалғастыратынын мәлімдеді. Оның сөзінше, бұл іс міндетті түрде сотқа жетіп, кінәлі адам заң алдында жауап беруі тиіс.