Live

Атырауда ескерткіш астында қаза тапқан Айару ісі облыстық сотқа қайта жіберілді

Атырау қаласында Жеңіс саябағында болған қайғылы оқиғаға байланысты сот ісі қайта қаралатын болды.

Фото: ашық дереккөз/ Жас Алаш коллаж

 Қазақстан Жоғарғы соты мүсінші Дмитрий Баймұқашевқа шығарылған үкімнің күшін жойып, істі Атырау облыстық сотына қайта жолдады.

2024 жылдың маусым айында Жеңіс саябағында қатты жел кезінде Ұлы Отан соғысы батырларының бірінің бюсті құлап кеткен. Салмағы шамамен 200 келі болатын конструкцияның астында 7 жастағы Айару қаза тапты. Ол бірнеше күн бұрын ғана бірінші сыныпты аяқтаған еді. Оқиға кезінде қыздың әкесі Айдос Сабыров пен ағасы да жарақат алып, ауруханаға түскен. Айару облыстық балалар ауруханасында көз жұмды.

Тергеу мәліметінше, ескерткіштерді қала әкімдігінің тапсырысымен мердігер ұйым орнатқан. Құрылыс-техникалық сараптама монтаж кезінде құрылыс талаптары өрескел бұзылғанын көрсеткен.

2025 жылғы 17 шілдеде Атырау қалалық соты Орал қаласының мүсіншісі Дмитрий Баймұқашевты кінәлі деп танып, оны 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айырған. Сондай-ақ сот жәбірленушілерге моральдық өтемақы ретінде әрқайсына 10 миллион теңгеден төлеуді және емдеу шығындарын өтеуді міндеттеген.

Алайда Баймұқашев бұл шешіммен келіспей, Жоғарғы сотқа шағым түсірді. Кассациялық сатыда негізгі мәселе тергеу кезінде жасалған құрылыс-техникалық сараптамаға қатысты болды. Қорғаушылар сараптаманы жүргізген маманның мұндай зерттеу жасауға құқығы болмағанын айтқан.

Адвокаттардың айтуынша, олар бұл мәселені бірінші инстанция мен апелляция кезінде де көтерген. Бірақ соттар өтініштерді қанағаттандырмаған.

Мүсіншінің адвокаты Сәкен Жүнісбековтің мәлімдеуінше, Жоғарғы сот сараптаманың заң талаптарын бұза отырып жасалғанымен келіскен.

— Кассациялық сот аталған сараптаманы жарамсыз дәлел деп таныды. Себебі сараптама жүргізген тұлғаның құрылыс-техникалық сараптама жасауға қажетті сертификаты, біліктілігі және лицензиясы болмаған, — деді адвокат.

Оның сөзінше, мұндай «сарапшының» іске қалай тартылғаны түсініксіз.

Қорғаушылар бұған дейін Баймұқашевтың бюст монтажына қатыспағанын, мердігерлердің лицензиясы болмағанын және нысанның қалалық балансқа да өтпегенін айтқан еді. Бірақ апелляциялық сот ол кезде үкімді өзгеріссіз қалдырған.

— Бірде-бір шенеунік жауапқа тартылған жоқ. Ал монтажда болмаған адам нақты мерзім алды, — деген еді бұған дейін адвокат Талғат Даулетов.

Сайт Әкімшілігі