Live

Атырауда төрт жасар баланы қағып өлтірген жүргізуші қамалмай, рақымшылыққа ілініп босап шықты

Атырауда төрт жасар баланы көлігімен қағып, ауыр жарақаттаған жүргізушіге қатысты сот үкімі шықты.

Фото: Ақ Жайық басылымы

Қайғылы оқиға биыл мамыр айында Авангард-2 шағынауданындағы тұрғын үйлердің бірінің ауласында болған. Алайда істің мән-жайы сот үкімі шыққаннан кейін ғана белгілі болды. Бұл туралы "Ақ Жайық" басылымы хабарлады.

4 мамыр күні кешке Toyota Alphard автокөлігі Авангард-2 шағынауданындағы №3 үйдің маңында велосипед теуіп жүрген төрт жасар баланы қағып кеткен.

Соққының қатты болғаны сонша, баланың жүрегі тоқтап қалған. Дәрігерлер оны қайта тірілтіп, кейін бала бір айға жуық жансақтау бөлімінде комада жатқан.

Сот-медициналық сараптамаға сәйкес, бала ашық бас-ми жарақатын, бас сүйегі негізінің сынуын, мидың диффузды аксональды зақымдануын, қан құйылуын, екі өкпенің соғылуын, ұйқыбезінің жарақатын, сондай-ақ беті мен қолындағы көптеген жыртылған жарақаттарды алған. Бұл жарақаттардың барлығы денсаулыққа келтірілген ауыр зиян деп танылған.

Сотта баланың әкесі ұлының бір айдан кейін есін жиғанын, алайда апаттың салдары өте ауыр екенін айтты.

– Қазір ұлым көрмейді, бір қолы жұмыс істемейді, бетіне ота жасау қажет. Ол қазір төсекте жатыр, – деді әкесі.

Жүргізуші кінәсін толық мойындады. Оның айтуынша, аулаға кіріп келе жатқан кезде бала кенеттен көліктің алдына шығып кеткен. Оқиғадан кейін ол баланы ата-анасымен бірге облыстық балалар ауруханасына жеткізген.

Алайда автотехникалық сараптама жүргізушінің жол-көлік оқиғасының алдын алуға мүмкіндігі болған деген қорытындыға келді. Мамандардың пікірінше, егер ол дер кезінде шұғыл тежегішті  басқанда көлік балаға дейін тоқтап үлгерер еді.

Сот жүргізушіні жол қозғалысы ережесін бұзып, баланың денсаулығына ауыр зиян келтіргені үшін кінәлі деп таныды. Оған 1 жыл бас бостандығынан айыру, 3 жылға көлік басқару құқығынан айыру жазасы тағайындалып, баланың әкесіне 10 млн теңге көлемінде моральдық өтемақы төлеу міндеттелді.

Алайда ер адам Қазақстан Конституциясының 30 жылдығына орай жарияланған рақымшылыққа байланысты негізгі жазасын өтеуден босатылды.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: жол апаты