Атырау тергеу изоляторындағы оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды
Атыраудағы тергеу изоляторында қамаудағылардың наразылығынан кейін топ болып тәртіпке бағынбау дерегі бойынша қылмыстық іс тіркелді.
Бұл туралы Ішкі істер министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті хабарлады.
Комитеттің мәліметінше, ауыр және аса ауыр қылмыстар үшін жаза өтеп жатқан бес сотталған мекемедегі белгіленген ұстау тәртібімен келіспей, құқыққа қайшы әрекеттерге барған. Олар бейнебақылау камераларын жауып, өздеріне дене жарақатын салуға әрекеттенген. Оқиға барысында сотталғандардың өздеріне жеңіл жарақат келтіргені анықталды.
Оқиға орнына жедел жәрдем шақырылған. Комитеттің хабарлауынша, сотталғандарды ауруханаға жатқызу қажеттілігі туындамаған. Қазіргі уақытта олардың денсаулық жағдайы тұрақты.
Ведомствоның мәліметінше, мекемедегі жағдай бақылауда. Тергеу изоляторы тәулік бойы бейнебақылаумен қамтамасыз етілген және штаттық режимде жұмыс істеп тұр.
Еске салайық, 23 қазанда Атырау тергеу изоляторында қамаудағылар ұстау жағдайларына наразылық білдірген болатын. Сол кезде кейбірі өздеріне жарақат салып, бірнеше адамға медициналық көмек көрсетілгені хабарланған.