Атырауда "ҚазАвтоЖолдың" еншілес компаниясының бас бухгалтері 34,8 млн теңге жымқырғаны үшін сотталды
Атырауда "ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясының еншілес ұйымы – "ҚАЖсервис" ЖШС филиалының бас бухгалтері 34,8 млн теңгені жымқырғаны үшін бес жылға бас бостандығынан айырылды.
Бас прокуратураның мәліметінше, Атырау көлік прокуратурасы өңірлік Экономикалық тергеп-тексеру департаментімен бірлесіп жүргізген тексеру барысында "ҚАЖсервис" ЖШС филиалының 34,8 млн теңгесі жымқырылғанын анықтаған.
Тергеу деректеріне сәйкес, филиалдың бас бухгалтері заңсыз төлемдер есептеп, ұйымның қаражатын өзінің жеке банк шотына аударып отырған.
Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілді. Атырау қаласының № 2 соты әйелді Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша кінәлі деп таныды.
Сот үкімімен оған бес жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сондай-ақ бес жыл мерзімге материалдық жауапкершілікке байланысты қызметпен айналысу құқығынан айырылды.
Бұдан бөлек, сот "ҚАЖсервис" ЖШС-нің келтірілген материалдық шығынды өндіру туралы азаматтық талабын толық қанағаттандырды.
Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.