"Ұлымның қазасына судьяның қатысы бар". Қылмыстық іс неге тоқтап қалды?
Икрам Нұрмашевтің катер апатынан қаза табуына байланысты дау басылар емес
Павлодар облысында 43 жастағы кәсіпкер Икрам Нұрмашевтің катер апатынан қаза табуына байланысты дау басылар емес. Марқұмның анасы Светлана Хожаметова "Жас Алаш" редакциясына хат жолдап, ұлының өліміне қатысты тергеудің әділ жүргізілгеніне күмән келтірді. Оның айтуынша, қайғылы оқиғаға судья Марат Мұсабаевтың қатысы болуы мүмкін. Алайда судьяның адвокаты бұл айыптауларды негізсіз деп атап, қылмыстық істің тоқтатылғанын мәлімдеді.
Марқұмның анасы Светлана Хожаметова "Жас Алаш" редакциясына жолдаған хатында Павлодар облысында болған катер апатының мән-жайын баяндап, құқық қорғау органдарының әрекетіне күмән келтіретінін жеткізді. Оның айтуынша, қайғылы оқиға кезінде катерді Павлодар облысының мамандандырылған әкімшілік сотының судьясы Марат Мұсабаев басқарған. Анасы тергеу барысында оқиғаның нақты мән-жайы бұрмалануы мүмкін деп қауіптенеді. Ол катерде болған өзге адамдар марқұмның өзі рөлде болғаны туралы жауап бергенін, алайда қолындағы бейнежазбалар мұндай нұсқаға қайшы келетінін айтады. Ұлынан айырылған ана тергеуші бейнежазбаларды көргенімен, оларды ескермеді деп отыр.
Оқиға қалай болды?
Қайғылы оқиға биыл 12 қыркүйекте Павлодар облысында, Ертіс өзенінде болған. Сол күні бес ер адам мінген катер аударылып, төртеуі аман қалған. Ал 43 жастағы Икрам Нұрмашев суға батып кеткен. Оны іздеуге құтқарушылар, еріктілер және туыстары жұмылған. Алайда іздеу жұмыстары бірнеше күнге созылып, марқұмның денесі тек 18 қыркүйекте табылды. Бұл туралы сол кезде жергілікті және республикалық бұқаралық ақпарат құралдары хабарлаған.
Арада біраз уақыт өткен соң оқиғаның басқа қыры ашыла бастады. Марқұмның анасы Светлана Хожаметова ұлының қазасын жазатайым оқиға деп қабылдамайтынын айтып, құқық қорғау органдары мен журналистерге жүгінді. Оның сөзінше, катерде болған адамдардың бірі – судья Марат Мұсабаев. Анасы қайғылы оқиғаға дейін катерді дәл осы адамның басқарғанын алға тартады. Ал тергеу кезінде куәгерлер катер тізгінінде марқұмның өзі отырғанын айтқан көрінеді.
Бұған дейін, 17 қыркүйекте Марат Мұсабаевқа қатысты қылмыстық іс қозғалғаны хабарланған. Полиция ол кезде оқиғаның мән-жайын объективті анықтау үшін қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатқанын жеткізген. Бірақ істің нақты қандай бап бойынша тіркелгенін және судьяға қатысты қандай мән-жайлар тексеріліп жатқаны ашып айтылмаған еді. Енді сол қылмыстық істің тоқтатылғаны белгілі болды.
Судья не үшін ақша бермек болды?
Светлана Хожаметова ұлының өліміне қатысты маңызды дәлелдердің бірі ретінде оның ұялы телефонына түсірілген бейнежазбаларды атайды. Анасының айтуынша, катер апатқа ұшыраған кезде Икрам Нұрмашевтің телефоны өзімен бірге суға кеткен. Телефон камерасы қосулы қалып, су астында шамамен үш сағат бойы жазба жүрген.
Ол редакцияға жолдаған үндеуінде:
"Бізде бұлтартпас дәлел бар. Ұлымның телефонына түсірілген бейнежазбада оның жолаушы орнында отырғаны және катерді басқарған адамға "Газуй, газуй!" деп айқайлағаны анық естіледі", – дейді.
Сондай-ақ Светлана Хожаметова оқиғаға дейін түсірілген тағы екі бейнежазба бар екенін айтады. Оның сөзінше, бұл кадрлардан катерді Марат Мұсабаев басқарғанын көруге болады. Ол судьяның қолында сыра болғанын және катердің жоғары жылдамдықпен жүйткігенін де мәлімдеді. Редакцияға жіберген бейнематериалдарда апатқа дейін катер тізгінінде отырған ер адамды көруге болады. Ал апат сәтіне қатысты кадрлардан видеоны түсіріп отырған жолаушы болғаны байқалады. Дегенмен жазба апаттың кезінде катерді кім басқарғанын толық анықтауға мүмкіндік бермейді. Сондықтан бейнежазбалардың мән-жайын тергеу материалдары арқылы анықтау қажет. Осыған байланысты "Жас Алаш" редакциясы Светлана Хожаметоваға сауал жолдап, бейнежазбаларды тергеушінің қараған-қарамағанын, олардың қылмыстық іс материалдарына тіркелген-тіркелмегенін және қандай қорытынды жасалғанын сұрадық.
Анасының жауабы қысқа болды:
"Барлық бейнежазбаны тергеуші қарап шыққан, бірақ бұл дәлелдемелерді елемеген", – деді ол.
Бұл оқиғадағы тағы бір даулы мәселе – 20 миллион теңгенің жайы. Светлана Хожаметованың айтуынша, 22 қазанда, ұлының қырық күндік асы қарсаңында, Марат Мұсабаев оған 20 миллион теңге ұсынған. Анасы мұны ұлының өліміне қатысты мәселені тоқтатуға бағытталған ұсыныс ретінде қабылдағанын айтады.
"Ұлымның өліміне сенің қатысың бар екеніне толық көзім жетті. Қырқын өткізгеннен кейін Астанаға барып, барлық дәлелді материалдарды, ұлымның телефонындағы бейнежазбаларды Бас прокуратураға тапсырамын. Бәрі әділ болуы керек", – деген С. Хожаметоваақшадан бас тартқан. Алайда бұдан кейін Марат Мұсабаев оның екінші ұлын сыртқа шақырып, "садақа" ретінде пакет берген. Сол пакет үйге кіргізілгеннен кейін келген полиция қызметкерлері марқұмның ұялы телефоны мен үйдегі бейнебақылау жүйесінің жазбаларын талап еткен көрінеді.
"Полициядан қысым көрдік"
Марқұмның анасы құқық қорғау органдарының әрекетіне де наразы. Оның айтуынша, 22 қазаннан бастап отбасына полиция тарапынан қысым күшейген. Әсіресе 31 қазан мен 1 қараша күндері болған жағдайларды ерекше атап өтеді.
"31 қазан және 1 қараша күндері сағат 22:00–ден кейін полиция қызметкерлері үйімізге келді. Олар үйге кіріп, тінту жүргізетінін айтып ұлымның заттарын талап етті. Бірақ тиісті санкцияны немесе қаулыны көрсеткен жоқ, өздерін де белгіленген тәртіппен таныстырмады. Алайда адвокаттарымыз тергеушімен бірге марқұм ұлымның телефонындағы барлық бейнежазбаны қарап, оларды қылмыстық іс материалдарына тіркеуге қол жеткізді. Судьяның артында тұрған ықпалды адамдар бұл істің жария болғанын қаламайды. Олар бәрі тыныш аяқталғанын көздейді. Ал біз әділдікке қол жеткізгіміз келеді. Меніңше, бұл сыбайлас жемқорлық жүйесін бұзып, Астанада әділ тергеу жүргізілуіне қол жеткізудің жалғыз жолы – оқиғаны барынша жария етіп, қоғам назарын аудару", – дейді марқұмның анасы.
Қылмыстық іс неге тоқтатылды?
4 қарашада судья Марат Мұсабаевтың адвокаты Рена Керимова мәлімдеме жасады. Онда қорғаушы марқұмның туыстары тарапынан айтылған айыптауларды жоққа шығарған.
"Менің ойымша, бұл үндеуде М.К.Мұсабаевқа қатысты көрінеу шындыққа жанаспайтын, негізсіз және оның беделіне нұқсан келтіретін мәліметтер де бар", – деді адвокат.
Рена Керимова судьяның қылмыс жасағаны, тергеу материалдарын бұрмалағаны, құқық қорғау органдарына ықпал еткені немесе қызметтік жағдайын пайдаланғаны туралы айыптаулар заңды күшіне енген сот актісімен расталмағанын атап өтті. Сонымен қатар ол қылмыстық істің тоқтатылғанын хабарлады.
"И.Ж.Нұрмашевтің өліміне байланысты тіркелген қылмыстық іс бойынша іс жүргізу тоқтатылды. Осылайша, марқұмның туыстарының үндеуінде Мұсабаевқа қатысты айтылған айыптаулар қылмыстық іс аясында өз дәлелін тапқан жоқ", – деді Керимова.
Адвокат журналистерді ақпаратты тексеруге, кінәсіздік презумпциясын сақтауға және екінші тараптың ұстанымын да жариялауға шақырды.
Адвокаттың мәлімдемесінен кейін "Жас Алаш" тілшісі Светлана Хожаметоваға хабарласты. Біз одан қылмыстық істің тоқтатылғанынан хабардар ма, тиісті қаулыны алған-алмағанын және бұл шешімге шағымдану жоспары бар-жоғын сұрады. Ол: "5 қарашада адвокаттарымыз хабарлама алды. Қазір олар жұмыс істеп жатыр", – деп жауап берді.
Облыстық сот не дейді?
Оқиғаға байланысты "Жас Алаш" редакциясы Павлодар облыстық сотына да хабарласып, Марат Мұсабаевтың қазіргі қызметтік мәртебесін және катер апатына байланысты оған қатысты тексеру жүргізілді ме деп сұрадық. Телефон арқылы жауап берген сот қызметкері бастапқыда жазбаша сауал жолдауымызды сұрады. Біз мақаланың жедел дайындалып жатқанын айтып, әзірге ауызша түсініктеме беруді өтіндік. Анықтағанымыз, адам өлімімен аяқталған катер апатына байланысты судьяның аты аталып, марқұмның отбасы тергеудің әділдігіне күмән келтіріп жатқанда, мекемеге бұл оқиға бойынша ешқандай материал түспепті. Оның үстіне судьяға қатысты тәртіптік тексеру де жүргізіліп жатқан жоқ.
"Жалпы осы іс бойынша бізге ешқандай материал түскен жоқ. Қызметтік мәртебесіне қатысты тәртіптік тексеру жүргізіліп жатқан жоқ", – деп қысқа жауап берді сот қызметкері.
P. S. 5 қарашада С. Хожаметованың мәлімдемелерінен кейін ҚР Бас прокуратурасына, Павлодар облысының прокуратурасына, Павлодар облысының полиция департаментіне ресми сауал жолдадық. Сауалдарымызда қылмыстық істің қандай негізде тоқтатылғанын, бейнежазбалардың іске тіркелген-тіркелмегенін, бейнежазбаға сараптама жүргізілген-жүргізілмегенін және катерді апат сәтінде кім басқарғаны анықталған-анықталмағанын сұрадық. Сонымен бірге отбасының полиция қызметкерлеріне қатысты шағымдары тексерілді ме, түнгі уақытта жүргізілген әрекеттер қандай құжаттарға негізделді және судьяның лауазымды мәртебесіне байланысты қандай да бір қызметтік немесе тәртіптік тексеру жүргізілді ме деген маңызды сауалдарды қойдық.
"Жас Алаш" газеті адам өлімімен аяқталған қайғылы оқиғаның мән-жайын өз бақылауында ұстайды.
Тұрсынбек БАШАР