Сараптама

Мәслихат халықтың қолғанаты ма,  әкімдіктің қолбаласы ма?

2026 жылдың 29 қарашасында елде мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтеді.

Фото: Ақорда

 Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 12 қазанда барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы жарлыққа қол қойған. Ал 13 қазанда Орталық сайлау комиссиясы кезектен тыс сайлау өтетінін ресми хабарлады.

Мәслихат сайлауын биыл жыл басынан бері жалғасып жатқан саяси науқанның заңды жалғасы деп бағалауға болады. Жаңа Конституция қабылдап, қос палаталы Парламентті тараттық. Кейін бірмандатты Құрылтай сайлауын өткіздік. Үкіметті жаңартып, Вице-президент тағайындадық. Ортада ғасыр басынан бері билік партиясы болған "Аманат" (бұрынғы "Отан" мен "Нұр Отанның" мұрагері) жаңадан құрылған "Әділетке" қосылды. Сарапшылар "енді президент сайлауы мен мәслихат сайлауы ғана қалды" деп жүрген. Мінеки, мәслихатқа да кезек келді.

Мәслихат неге мерзімінен бұрын тарады?

Негізі, мәслихат сайлауы сәл кешігіп өтпек. Қазіргі мәслихат депутаттарының басым бөлігі "Аманат" партиясынан сайланған. Ал бұл партия биыл маусым айында жұмысын тоқтатып, "Әділетке" қосылып кеткені белгілі. "Әділет" содан бері "аппастың орнына жаппас келгендей" жұмыс істеп жатыр. Билік партиясының аты ауысқанымен, мәні өзгере қойған жоқ. Бірақ зайырлы мемлекетте заң талабы бірінші орында тұруы керек. Демек, "Аманат" партиясының өкілдерінен құралған мәслихаттың әлі жұмыс істеп тұрғаны заңға томпақ көрінеді.

Мұны мамандар маусым айында, "Аманат" алғаш тараған кезде-ақ айтқан. Тіпті "Аманат" атынан сайланған депутаттардың Мәжілісте жұмыс істеп отырғаны заңсыз" деп, мәселе көтерген азаматтар да болды. Бірақ оны ешкім елей қойған жоқ. Тек 24 қыркүйектегі Халық кеңесінің отырысында Тоқаев "өкілді органдар қызметі заңға сәйкес болуы аса маңызды" екенін айтқан соң ғана бұл мәселе күн тәртібіне шықты.

"Мәслихат депутаттарының өкілеттігі Конституцияда және тиісті заңдарда айқындалған мерзімге дейін сақталады. Дегенмен олардың көпшілігі "Amanat" партиясының атынан сайланды. Бүгінде бұл саяси ұйым "Әділет" партиясына қосылып, өз қызметін тоқтатты. Жақында тиісті заңнамалық рәсімдер аяқталады. Сол кезде мәслихат депутаттарының басым бөлігінің қызметінің заңдылығына қатысты мәселе туындайды", – деген еді Қ.Тоқаев.

Айтпақшы, "Аманат" партиясы елдің саяси сахнасынан кеткенімен заң жүзінде әлі бар екен. 13 қазан күні өткен Орталық сайлау комиссиясының отырысында ҚР Әділет вице-министрі Ботагөз Жақселекова елімізде ресми тіркелген 8 саяси партия бар екенін айтып, бұл тізімге "Аманатты" да қосты. Осы тұста сөзге ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіров араласып, "Аманат" сайлауға қатыспайтынын еске салды.

Бұған дейінгі мәслихат сайлауы 2023 жылы 19 наурызда Парламент сайлауымен бірге өткен. Қазіргі депутаттар 2028 жылға дейін жұмыс істеуі қажет еді. Бірақ елдегі өзгерістер оған мүмкіндік бермеді.

3 мыңнан аса депутат сайланады

Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, алдағы науқанда 20 облыстық, 38 қалалық және 170 аудандық мәслихатқа депутаттар сайланады. Мандаттар мынадай тәртіппен бөлінген: облыстық мәслихаттарға – 668 депутат, қалалық мәслихаттарға – 626 депутат, аудандық мәслихаттар – 2 153 депутат. Демек, сайлауда жалпы 3 447 депутаттық мандат сарапқа салынады. Мәслихат депутаттары бес жыл мерзімге сайланады.

ОСК алдағы саяси науқанның күнтізбесін де бекітіп қойған. Жоспар бойынша, кандидаттарды ұсыну 14 қазанда басталып, 27 қазан күні сағат 18:00–де аяқталады. Ал кандидаттарды тіркеу 1 қараша сағат 18:00–ге дейін жүреді. Сайлауалды үгіт-насихат жұмысы 1 қараша сағат 18:00–де басталып, 28 қараша сағат 00:00–де аяқталады. 28 қараша – тыныштық күні. Дауыс беру 29 қарашада сағат 7:00 мен 20:00 арасында өтеді. Сайлау қорытындысы 3 желтоқсанға дейін шығады.

Науқан аралас сайлау жүйесі бойынша өтеді. Сайлауға саяси партиялар да, бірмандатты сайлау округтері бойынша кандидаттар да қатыса алады. Яғни еш партияға мүше емес азаматтар да өзін-өзі ұсыну арқылы мәслихат депутаты бола алады. Билік мұндай жүйені 2023 жылы Мәжіліс сайлауына да қайта енгізген. Бірақ биыл Құрылтайға депутаттар тек партиялық тізім бойынша өтті.  

Биылғы мәслихат сайлауына елде тіркелген 7 саяси партия – "Ақ жол", "Ауыл", "Әділет", ЖСДП, "Respublica", "Байтақ" және Қазақстан халық партиясы қатысады. Құрылтай сайлауында да осы партиялар бақ сынап, алғашқы 5 пайыздық межені бағындырып, заң шығарушы органнан мандат алған. Ал "Байтақ" пен ҚХП Құрылтайға өте алмады.

Сайлау туралы конституциялық заңның 104-бабына сәйкес, мәслихат депутаттығына үміткер адам сайлау жарнасын төлеуі қажет. Саяси партиялар жергілікті атқарушы органдардың шотына партиялық тізімге енген әрбір адам үшін 425 000 теңге төлейді. Өзін-өзі ұсынған кандидат та қазынаға дәл осындай қаржы аударады. Ал бұл қаржы үміткер сайлауда жеңіске жетіп, депутат атанса немесе жалпы сайлаушылардың кем дегенде 5 пайыз дауысын жинай алса, қайтарылады. Ал белгіленген мөлшерде дауыс ала алмаса, қаржы бюджетке түседі.

Фото: из открытых источников/Қазыбек Бейсебаев

"Бұрын мәслихаттар арқылы Сенатқа өтуге болатын. Сенат – заң шығарушы билік тармағына жататын орган. Ал қазір ол жоқ. Сондықтан бұл мәслихат сайлауы аса маңызды рөл атқармайды деп санаймын. Оның үстіне мәслихаттардың әкімдерге ықпалы шамалы. Конституцияның 90-бабына сәйкес, мәслихат бюджет мәселесін қарауды әкімдердің оң қорытындысы болған жағдайда ғана ұсына алады. Басқаша айтқанда, әкімдер бюджетті мәслихаттың қатысуынсыз-ақ өздері басқарады. Сондықтан мәслихат құрамын сайлау өткізбей-ақ, жергілікті қоғамдастықтың ұсынысы бойынша жасақтау мүмкіндігін қарастыру керек шығар. Бұл бюджет қаражатына да үнем болар еді. Қалай болғанда да, жергілікті жерлерде сайлау нәтижесін әкімдер өздері айқындайды", – дейді саясаттанушы Қазбек БЕЙСЕБАЕВ.

Фото: t.me/quryltairesmi/Құрылтай

Мәслихаттың қоғамдағы рөлі қандай?

Мәслихат – жергілікті өкілді орган. Әр аудан, қала және облыстағы халық пен билік арасындағы көпір. Мәслихат туралы заңға сәйкес, олардың бірнеше нақты функциясы бар. Мәслихаттың ең маңызды қызметі – бюджет бөлу. Яғни жергілікті бюджет жобасын бақылап, экономикалық және әлеуметтік бағдарламаларды бекіту. Бірақ бюджетті әр басқарма өзі дайындап, депутаттардың алдына алып келеді. Депутаттар басынан бастап талқылауға қатыспағандықтан, бөлінген қаржы аз ба, көп пе білмейді де, әкімдік ұсынған жобаны мақұлдауға мәжбүр болады.

Депутаттар бұдан бөлек, өз өңірінің бас жоспарын бекіту, жер қатынастары мәселесін реттеу, экологияны қорғау, азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсету сияқты жұмыстармен айналысады. Сондай-ақ заң бойынша мәслихаттың құзыретіне әкімдік қызметкерлерін тағайындауға келісім беру кіреді. Бірақ олар бұл құзыретін өз деңгейінде пайдаланады деп айта алмаймыз. Мәслихат депутаттары жоғары жақ ұсынған әкімнің немесе басқа қызметкердің кандидатурасына қарсы шығыпты дегенді осы уақытқа дейін естігеміз жоқ.

Жалпы мәслихат жұмысының формалды екенін, заң жүзіндегі жұмысын толық атқара алмай отырғанын ешкім жоққа шығармайды. Билік жергілікті мәслихаттарға "өңір парламенті" деп айдар тағып жүр. Яғни әр деңгейдегі мәслихаттың жергілікті өзін-өзі басқаруда маңызы зор деп есептейді. Бірақ бұл пікірмен келісуге себеп жоқ. Мәслихаттар әкім не айтса, соны орындайтын, әкімдіктің құжаттарын заңдастырып беретін нотариус сияқты жұмыс істеп келе жатқаны жасырын емес. Нақтырақ айтқанда, мәслихат әкімнің қалтасында жүрген мөр сияқты, әкім оны өзі қалаған шешімін бекітіп алу үшін ғана пайдаланады.

Қағаз жүзінде мәслихат халықтың мұң-мұқтажын атқарушы билікке жеткізетін алтын көпір рөлін атқарады. Бірақ іс жүзінде мәслихат депутаттары халықпен қоян-қолтық жұмыс істеп жатыр дей алмаймыз. Көп адам мәслихат жайлы ештеңе білмейді, өзі тұрып жатқан өңірдегі мәслихат депутаттарын көп көрмейді, тіпті танымайды. Бұл жайлы көпшілік әлеуметтік желіде жазып жатыр. Бір сөзбен айтқанда, мәслихат халықтың қолғанаты емес, әкімдіктің қолбаласы сияқты жұмыс істеп келеді.

Мәслихат жұмысын қарапайым халық қана емес, Президент те, Премьер-министр де, саяси партиялар да сынаған. Мысалы, Тоқаев "мәслихаттар жергілікті мемлекеттік басқару әрі жергілікті өзін-өзі басқару институты ретінде гибрид сипатқа ие болып отырғанын" айтып, мәслихаттың өкілеттігін нақты белгілеу қажет екенін ескерткен. Ал Олжас Бектенов мәслихат депутаттарының өкілеттігі мен мәртебесін күшейтетін бастамаларды қолға алу қажет екенін айтып жүр.

Сондай-ақ осыдан бірер жыл бұрын "Ақ жол" партиясының фракциясы Үкіметке сауал жолдап, депутаттардың әкімге тәуелді екенін ашық айтқан.

"Әкімдіктер мәслихатқа толық үстемдік құрып отыр. Өйткені нақты билік атқарушы тармаққа тиесілі. Халық сайлаған депутатқа тағайындалған әкімнің үстемдік етуі демократиялық ұғымға сай келмейді. Сол үшін мәслихаттың әкімдікке тәуелділігін жою керек. Мәслихатқа кандидаттарды әкімдіктің келісімімен айқындауды тоқтату керек. Депутаттарды әкім таңдамай, халық сайлауы қажет", – делінген "Ақ жолдың" депутаттық сауалында.

Мәслихат депутаты болу – қоғамдық жұмыс. Мәслихат төрағасы ғана мемлекеттен жалақы алады, ал қалған депутаттар тегін жұмыс істейді. Салыстыру үшін айтсақ, Құрылтай депутаттарына жақсы жалақы төленеді, аса үлкен мәртебе мен иммунитет беріледі. Ал мәслихат депутатында мұның бірі де жоқ. Сөйте тұра, мәслихатқа барғысы келетін адамдар аз емес. Осы тұста "ешқандай өкілеті, мәртебесі, тіпті жалақысы жоқ жұмысты істеуге адамдар неге құлшынады?" деген сұрақ туындайды.

Сарапшылар мәслихат депутаттарын бірнеше түрге бөледі. Кейбіреуі шынымен жұмыс істеп, өз өңіріндегі проблемаларды шешуге үлес қосқысы келеді, ал енді бірі "депутат" деген атағына қызығады. Сондай-ақ белгілі бір мүддені көздеп баратындар да жоқ емес. Мысалы, мәслихатқа барып, әкімдікке жақын жүрген соң түрлі мемлекеттік тапсырысты, гранттарды, жер телімін алуға мүмкіндік тууы мүмкін. Ел арасында "кей депутат белгілі топтың, кәсіпкерлердің мүддесін мәслихатта көтеріп, соған "қаламақы" алады" деген де әңгіме бар.

Қысқасы, "өңір парламентіне" айтылар сын көп. Бірақ мұндай сындардан кейін мәслихаттың мәртебесі артып, жұмысы жандана қоя ма? Қарашада кезектен тыс сайлау өткізіп, 3 мыңнан аса депутатты жаңадан сайламақпыз. Парламенттің кем дегенде формасы мен атауы өзгерді. Ал мәслихатта ондай өзгеріс те жоқ. Ендеше, 32 жыл бойы бір қалыптан танбаған мәслихаттан қандай үміт күтеміз?..

Қуаныш ҚАППАС

Сайт Әкімшілігі