Сараптама

Оқушы ес-түссіз жатыр. Қарашөкеев "Көше заңымен" күресте жеңілді ме?

Қарашөкеев "Көше заңымен" күресте жеңілді ме?

Фото: Жас Алаш коллаж

Жамбыл облысында оқушылар арасындағы әлімжеттік мәселесі тағы да қоғам талқысына түсті. Оған себеп – 31 қазан күні Жамбыл ауданының Бірлесу-Еңбек ауылында 9-сынып оқушысының әлімжеттік салдарынан ауруханаға түсуі. Жасөспірімнің жүрегі тоқтап қалып, дәрігерлер оны қайта соқтырған. Бұған дейін де Жамбыл облысында жасөспірімдер арасындағы төбелес адам өлімімен аяқталған жағдайлар бірнеше рет тіркелді. Оның үстіне жақында Қордай ауданының Қаракемер ауылында оқушылардан ақша бопсалап, өзіне бағынбағандарды жазалап келген "Система" деп аталатын топтың әрекеті әшкереленді. Алайда қайғылы оқиғалар тыйылар емес. Ал облыс әкімі Ербол Қарашөкеев мәселенің түпкі себептерін жоюдың орнына, тағы да шұғыл жиын өткізіп, қарамағындағы шенеуніктерге сөгіс жариялаумен шектелгендей. Былтыр да оқушылардың өлімінен кейін дәл осындай шара қолданылған еді. Бірақ содан бері ештеңе өзгермепті.

"Сходқа" кешіккені үшін таяқ жеген

Мән-жайды "Жас Алаш" редакциясына баяндаған жасөспірімнің әпкесі Аружан Рахманқұлдың айтуынша, оқиға кезінде Асылбек 14 жаста болған. Жақында ғана 15 жасқа толған. Отбасында үш қыз, бір ұл. Ата-анасының жалғыз ұлының осындай жағдайға түсуі бүкіл отбасына ауыр соққы болып тиген. Аружанның айтуынша, ауылда жоғары сынып оқушыларының кішілерді жинап, өздеріне бағындыратын бейресми тәртібі қалыптасқан. Жасөспірімдер мұндай жиналысты "сход" деп атайды екен. Оған қатысу міндеттеліп, келмеген немесе кешіккен балалар жазаланатын көрінеді. 31 қазан күні де осындай жиналыс ұйымдастырылған.

"Біз ауылда мұндай нәрсе бұрыннан бар екенін білмеппіз. Інімнің сол "сходқа" қатысып жүргенінен де хабарсыз болдық. Кейін анықтасақ, жоғары сыныптың балалары кішілерді жинап, өздерінің тәртібіне бағындырады екен. Сол күні інім жиналысқа кешігіп барған. Менің білуімше, 11-сыныптың екі баласы 10-сынып оқушысына інімді ұруды бұйырған. "Ұрмасаң, сені ұрамыз" деп қорқытқан. Содан әлгі бала інімнің кеуде тұсынан соққы жасаған. Асылбек сол жерде есінен танып қалған. Балалар бастапқыда жай ғана талып қалды деп ойлап, бетіне су шашып, оятуға тырысқан. Бірақ есін жимаған. Сонда да жедел жәрдем шақыруға қорыққан. Өйткені жедел жәрдеммен бірге полиция келеді деп ойлаған. Сөйтіп, өздерінің әкелерінің көлігімен інімді Асадағы ауруханаға жеткізген", – дейді ол.

Оның айтуынша, төрт жасөспірім Асылбекті ауруханаға жеткізіп, сол жерге қалдырып кеткен. Ата-анасы ауруханаға жеткенде дәрігерлер баланың жүрегі тоқтап қалғанын хабарлаған. Бұл жаңалықты естіген әке-шешесінің қан қысымы көтеріліп, өздерінің де жағдайы нашарлаған. Тараз қаласынан реаниматолог шақыртылып, дәрігерлер жасөспірімнің өмірін сақтап қалу үшін ұзақ уақыт күрескен. Шамамен 40 минуттан кейін баланың жүрегі қайта соға бастаған. Алайда ағзасына оттегі жетіспеуінің салдарынан миы зақымданғаны айтылған.

Аружанның сөзінше, інісі сол күні жұмыс істеп, шаршап келген. Асылбек бойшаң, арық, мінезі жұмсақ, ешкіммен жанжалдаса бермейтін бала болған. Оқиғадан кейін ауыл ішінде оның бұрыннан талма ауруы болғаны туралы әңгімелер тарай бастаған. Бірақ әпкесі мұны жоққа шығарды.

"Оқиғадан кейін "жай ғана төбелесіп қалған", "өзінің талма ауруы болған" деген әңгімелер шыға бастады. Мен мұның бәрін естігеннен кейін үнсіз отыра алмадым. Ауыл кішкентай, жұрт бірін-бірі таниды. Осындай істі өзара келісіп, жылы жауып жібере ме деп қорықтым. Сондықтан әлеуметтік желіге шығып, мәселені көпшілікке жарияладым. Содан кейін ғана түрлі жиналыстар өткізіліп, жауапты адамдар келе бастады", – дейді ол.

Аружанның айтуынша, оқиға қоғамда қызу талқыланғаннан кейін құқық қорғау органдарының өкілдері ауылға келіп, тұрғындармен кездескен. Ауылда "старшактар" деп аталатын үлкен балалардың бар екенін естіген. Олардың арасында мектепті бітіріп кеткен жастар да болуы мүмкін. Олар төменгі сынып оқушыларын жинап, түрлі тапсырма беріп, бағынбағандарын жазалайды деген әңгіме бар. Тіпті кішкентай балаларды жинап жұмыс істетеді, мал қора тазалатады екен.

Фото: ЖИ/Тараз

"Інім әлі көзін ашқан жоқ…"

Жамбыл облыстық полиция департаменті 2 қарашада қылмыстық іс қозғалғанын, күдіктілер ұсталғанын хабарлады. Полицияның бастапқы түсіндірмесінде бұрыннан таныс екі жасөспірім арасында жанжал болып, бірі екіншісіне соққы жасағаны айтылған. Алайда әпкесі құқық қорғау органдары мен жергілікті билікке ренішін білдіріп отыр. Ол аудандық полиция бөлімінің басшылығымен де, оның орынбасарымен де сөйлескен. Олар қазір Асылбектің денсаулық жағдайын бақылап отырғандарын айтқан.

 "Сонда мен түсінбеймін, інімнің жағдайына қарап қана отыра бере ме? Оны соққыға жыққаны белгілі ғой. Қайғылы жағдай болғанына 14 күннен асты, Асылбек әлі көзін ашқан жоқ, ес-түссіз жатыр. Жағдайы өте ауыр. Мұны полиция қызметкерлері де, ауруханаға келіп, баланың жағдайын өз көзімен көрген прокурор да біледі. Бірақ оқиғаға қатысы бар балалар ештеңе болмағандай еркін жүр. Тіпті үйқамаққа да алынбаған. Сонда інімнің жағдайы жақсарып кетсе, олар жауапкершілікке тартылмай ма? Ал жағдайы нашарласа ғана шара қолданыла ма? Мен полиция басшылығына осы сұрақты қойдым. Олар заң бойынша қазір қамауға алуға болмайтынын айтады. Бірақ мен мұны түсіне алар емеспін.

 Менің 11-сыныпта оқитын сіңлім бар. Ол осы оқиғаға қатысы бар деп жүрген балалармен бір мектепте оқиды. Кеше маған жылап телефон соқты. "Әпке, мен бұған шыдай алмай жатырмын. Бір бауырымыз ауруханада өмір мен өлім арасында жатыр. Ал олар мектепке келіп, күліп-ойнап, тамақтарын ішіп, ештеңе болмағандай жүр. Мұны көргенде жүрегім ауырады" дейді. Сіңлімнің осы сөздерін естігенде өзімді қоярға жер таппадым. Інімнің жүрегі тоқтап, дәрігерлер оны қайта соқтырды. Сол кезде миына оттегі жетіспей, ауыр зақым келгенін айтты. Қазір дәрігерлер соның салдарымен күресіп жатыр. Ал осыған қатысы бар адамдар бұрынғы тіршілігін жалғастырып жүр. Мен ешкімді заңсыз жазалауды талап етіп отырған жоқпын. Бірақ інімнің осындай жағдайға түсуіне себеп болғандардың әрекетіне әділ құқықтық баға берілуін талап етемін. Тергеу созылып, ақырында бұл іс те жабылып қала ма деп қатты алаңдаймын. Ауыл әкімі Нұрсұлу Дүзеева маған "Біз бауырмыз, туысқанбыз. Мұны қатты көтеріп, шу шығарудың қажеті жоқ, ұят болады" деген мазмұнда сөз айтты. Сонда менің інімнің жағдайы ұят болғаны ма?" – дейді Аружан.

Фото: ашық дереккөз/Қарашөкеев

Қарашөкеев қылмысты сөгіспен жеңбек

Жамбыл облысында оқушылар арасындағы ауыр оқиғалар қоғамда шу туғызған сайын әкім Ербол Қарашөкеевтің шұғыл кеңес өткізіп, қарамағындағы қызметкерлерге сөгіс жариялауы үйреншікті көрініске айналып бара жатқандай. Бұл жолы да солай болды. 6 қарашада облыс әкімі жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу мәселесіне арналған штаб отырысын өткізді. Жиында мектептердегі тәрбие жұмысының тиімділігі, полицияның профилактикалық қызметі және ата-аналардың жауапкершілігі талқыланған.

Қарашөкеев жауапты мекемелердің жұмысын сынап, түсіндіру сабақтары, тренингтер, сауалнамалар мен рейдтердің қағаз жүзінде жақсы көрсетілгенімен, нақты нәтижесі көрінбей отырғанын мойындаған. "Қағаздағы профилактика баланы құтқармайды" деген облыс әкімі қарамағындағы шенеуніктерге кезекті тәртіптік жазаны қолдануға шешім қабылдаған. Атап айтқанда, Байзақ, Жамбыл, Талас және Қордай аудандарының әкімдеріне, облыстық білім басқармасының басшысына қатаң сөгіс беру, облыс әкімінің салаға жауапты орынбасарына сөгіс жариялау жөнінде шешім қабылданған.

 Мұның бәрі, әрине, қажет. Бірақ осы тапсырмалар бұрын берілмеген бе? Жасөспірімдер арасындағы әлімжеттіктің алдын алу туралы әңгіме бірінші рет айтылып отыр ма? Мәселе де осында. Былтыр да Қарашөкеев дәл осылай шұғыл кеңес өткізіп, орынбасары мен аудан әкімдеріне сөгіс жариялаған болатын. Ол кезде де мектептегі жасөспірім балалар әлімжеттік кесірінен қаза тапқан еді. Сол кезде де мектептерде оқушылар арасында сауалнама жүргізу, профилактикалық жұмыстарды күшейту, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде тапсырмалар берілген еді ("Жас Алаш" та үнсіз қалмай "Жамбылдағы "көше кодексі" Қарашөкеев қылмысты сөгіспен жеңбек" атты көлемді мақала жариялады). Алайда арада бір жыл өтсе де, Жамбыл облысындағы жағдай оңалған жоқ. Керісінше, биыл 3 қазанда Байзақ ауданында тағы бір жасөспірім қатарластарымен болған жанжалдан кейін қаза тапты. Арада бір ай өтпей жатып, Бірлесу-Еңбек ауылында 9-сынып оқушысы ауыр соққы алып, комаға түсті. Оның үстіне жуырда Қордай ауданының Қаракемер ауылында оқушылар арасында "Система" деп аталатын топ әрекет еткені әшкереленді.

Ербол Қарашөкеев Жамбыл облысын басқарып отырғанына үш жылдан асты. Осы уақыт ішінде өңірде жасөспірімдер арасындағы зорлық-зомбылық мәселесі бірнеше мәрте көтерілді. Бірақ облыс басшысы мәселенің түпкі себептерін жойып, алдын алу жүйесін жолға қоя алды ма? Әзірге қайғылы оқиғалар қайталанып, артынан шұғыл штаб құрылып, шенеуніктерге сөгіс берілетін үйреншікті көрініс өзгермей тұр.

Тұрсынбек БАШАР

Сайт Әкімшілігі