Анонимге тыйым айттырмаудың амалы емес пе?
Анонимге тыйым айттырмаудың амалы емес пе?
Жақында Чехия халқы бір дүрлігіп алды. Ел астанасы Прага қаласында жүздеген мың адам жиналып, елдегі қоғамдық телеарна мен радионың тәуелсіздігін қорғауды талап етті. Наразылық білдірушілердің негізгі талабы – саяси ықпалдан медианың тәуелсіздігін сақтау. Билік те райынан қайтатын сыңай білдірмеді, қоғамдағы пікірталас та әзірге жалғасып жатыр. Дәл осы уақытта Қазақстанда да онлайн-платформалар мен масс-медиа саласындағы заңнаманы жетілдіруге бағытталған бірқатар түзету ұсынылды.
Құрылтай қабырғасында онлайн-платформалар мен масс-медиа мәселелеріне қатысты заң жобалары бірінші оқылымда қаралды. Құжат ережелерін таныстырған Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев медиа кеңістіктегі жаңа сын-қатерлер заңнаманы жетілдіруді қажет ететінін сөз етті.
Ұсынылып отырған түзетулер бірнеше бағытты қамтиды. Атап айтқанда, шетелдік онлайн-платформаларды Қазақстанда заңды өкілдік ашуға міндеттеу, заңсыз контентті жоймағаны үшін жауапкершілік енгізу және жазылушылары 5 мыңнан асатын анонимді аккаунттарды сәйкестендіру көзделген. Сонымен қатар 16 жасқа толмаған балалардың онлайн-платформаларда тіркелуіне шектеу қойылып, аудиовизуалдық қызметтерді лицензиялау талаптары енгізілмек. Азаматтардың ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғау мақсатында интернеттегі жала жабу, былапыт сөз қолдану және фото-бейнематериалдарды келісімсіз пайдалану мәселелерінде жауапкершілік пен құқықтық нормалар нақтыланады. Бұдан бөлек, мемлекеттік органдардың ресми жауаптарын белгілеу, жалған мәліметтерді бастапқы дереккөзде теріске шығару және білім беру курстары мен оккульттік қызметтер туралы ақпараттың ашықтығын қамтамасыз ету ұсынылған.
Айтпақшы, министрлік келтірген дерекке сүйенсек, биыл алғашқы он айда құқыққа қайшы 128,5 мың материал анықталып, шамамен 70 пайызы жойылған. Бұл көрсеткіш цифрлық кеңістікте заңсыз ақпаратпен күресу бағытында белгілі бір жұмыс жүргізіліп жатқанын көрсетеді. Алайда қалған материалдардың жойылмау себептері, платформалардың мемлекеттік органдардың нұсқамаларын орындау тәртібі және олардың жауапкершілік шегі де назар аударуды қажет етеді. Әсіресе онлайн-платформалардың Қазақстанда заңды өкілдік ашуы туралы ұсынысқа тоқталған жөн. Қазір әлеуметтік желілердің басым бөлігі шетелдік компанияларға тиесілі. Олардың Қазақстан аумағында ресми өкілдігі болмаған жағдайда, мемлекеттік органдардың өтініштері мен талаптарын орындау, азаматтардың шағымдарына жауап алу мәселесінде құқықтық және ұйымдастырушылық қиындықтар туындауы мүмкін. Заңды өкілдіктің болуы осындай мәселелерді шешуді жеңілдетіп, платформалардың ұлттық заңнама алдындағы жауапкершілігін нақтылауға мүмкіндік бермек.
Демек, министр келтірген уәжбен келісуге негіз бар. Өйткені соңғы жылдары әлеуметтік желілерде адамның ар-намысы мен қадір-қасиетіне тиетін жазбалар мен пікірлер көбейді. Кей жағдайда виртуалды кеңістіктегі қорлау мен қысымның соңы қайғылы оқиғаларға ұласып жатқаны да қоғамды алаңдатады. Мұнымен қатар оқырман назарын аударуды көздеген кейбір ақпараттық порталдардың хайп қуып, өзгенің жеке өміріне қатысты деректерді жариялауға, өсек-аяңды ақпарат ретінде таратуға, тіпті тексерілмеген немесе жалған мәліметтерді көпшілікке ұсынуға бейім тұратыны жасырын емес. Мұндай әрекеттер ақпарат кеңістігіндегі жауапкершілік мәселесін күн тәртібіне шығарып, белгілі бір реттеу тетіктерінің қажеттігін көрсетеді.
Дегенмен мәселенің екінші қыры да бар. Бүгінде әлеуметтік желілер тек пікір алмасатын немесе ақпарат тарататын алаң ғана емес, азаматтық қоғам өкілдерінің өзекті мәселелерді көтеріп, әділетсіздікке назар аудартып, тиісті органдардан жауап талап ететін маңызды кеңістігіне айналды. Кейде ресми мінберлерден естілмеген ащы үн, әділдік іздеген азаматтардың жанайқайы дәл осы әлеуметтік желілер арқылы көпшілікке жетіп, резонанс тудырып жатады. Соның нәтижесінде бұған дейін назардан тыс қалған мәселелер талқыланып, қоғамның құқықтық және азаматтық сауатының артуына ықпал ететін жағдайлар кездеседі. Осындай сәтте ақпарат кеңістігін реттеуге бағытталған жаңа талаптар азаматтардың заңсыз әрекеттерден қорғалуына сеп болғанымен, сын айтатын, мәселе көтеретін азаматтық қоғам өкілдерінің үнін шектеп немесе олардың белсенділігіне кедергі келтіріп жүрмей ме деген күмән қылтияды.
Мұндай тәжірибе өзге елдерде де бар. Мәселен, Түркияда 2020 жылдан бастап ірі шетелдік әлеуметтік желілерге жергілікті өкіл тағайындау міндеттелді. Алайда контентті бұғаттау өкілеттіктерінің кең қолданылуы халықаралық ұйымдардың сынына ұшырады. Оңтүстік Кореяда 2007 жылы интернет қолданушыларын нақты аты-жөнімен тіркеу жүйесі енгізілгенімен, Конституциялық сот оны 2012 жылы конституцияға қайшы деп таныды. Ал Еуропалық Одақта 2024 жылдан бастап күшіне енген Цифрлық қызметтер туралы акт заңсыз контентпен күресуді, платформалардың ашықтығын және пайдаланушылардың шағымдану құқығын қамтамасыз етуді көздейді. Сонымен қатар жаппай бақылауға жол бермейді.
Осы орайда еліміздегі медиасарапшылардың да өз айтары бар. "Әділ сөз" сөз бостандығын қорғау халықаралық қорының президенті Назира ДӘРІМБЕТТІҢ пікірінше, ұсынылып отырған өзгерістердің балаларды кибербуллинг пен зиянды контенттен қорғау, интернет-алаяқтықпен күресу сияқты мақсаттары орынды.
"Алайда оларды жүзеге асыру кезінде азаматтардың конституциялық құқықтары мен ақпарат алу еркіндігі шектелмеуге тиіс. Мәселен, шетелдік онлайн-платформаларды Қазақстанда заңды тұлға ретінде өкілдік ашуға міндеттеу олардың құқықтық жауапкершілігін арттырғанымен, кейбір сервистердің ел нарығынан кетуіне немесе пайдаланушылар үшін қолжетімділігінің шектелуіне әкелуі мүмкін. Сондықтан халықаралық тәжірибедегі платформалардың өзін-өзі реттеуі мен алгоритмдердің ашықтығына басымдық беру тәсілдерін де ескерген жөн", – дейді Н.Дәрімбет.
Сарапшы пайдаланушыларды ЖСН немесе биометриялық деректер арқылы міндетті сәйкестендіру мәселесіне де алаңдаушылық білдіреді. Оның айтуынша, мұндай талап анонимді пікір білдіру құқығын шектейді. Ал анонимділік жемқорлық фактілерін әшкерелейтін азаматтар мен қоғам белсенділері үшін маңыздысы – қауіпсіздік кепілі. Сонымен қатар жеке деректерді жаппай жинау олардың таралып кету қаупін арттырады. 16 жасқа дейінгі балаларға қатысты шектеулерді енгізу де пайдаланушылардың жасын тексеру тетігін қажет етіп, жаппай сәйкестендіруге ұласуы мүмкін.
Н.Дәрімбет сөз бостандығына қатысты тағы бір мәселе, жала жабу мен былапыт сөз үшін әкімшілік жауапкершілік енгізу екенін атап өтті.
"Адам құқықтары жөніндегі халықаралық пактінің 19-бабына сәйкес, сөз бостандығын шектеу заңдылық, қажеттілік және пропорционалдық қағидаттарына сай болуы керек. Осыған байланысты "Әділ сөз" қоры жала жабуға қатысты дауларды әкімшілік немесе қылмыстық жазалау арқылы емес, азаматтық-құқықтық тәртіппен, ар-намыс пен іскерлік беделді қорғау жөніндегі талап-арыздар негізінде қарауды қолдайды. Өйткені әкімшілік жауапкершіліктің кеңеюі журналистер мен азаматтарға қысым көрсету құралына айналуы ықтимал.
Сондай-ақ интернеттегі былапыт сөз үшін жауапкершілік белгілеуде "қоғамдық орын" ұғымының аясын нақтылау қажет. Ал нұқсан келтіретін мәліметтерді бастапқы дереккөзде теріске шығару талабы сот шешімінсіз немесе нақты құқықтық өлшемдерсіз қолданылса, редакциялық тәуелсіздікке кері әсер етіп, сыни материалдарды өшіруге мәжбүрлеу тетігіне айналуы мүмкін" – дейді медиасарапшы.
Сарапшының пайымдауынша, ұсынылып отырған нормалар журналистер арасында өзін-өзі цензуралау үрдісін күшейтуі ықтимал. Айыппұл салу немесе онлайн-платформаларды бұғаттау қаупі журналистердің әлеуметтік және саяси мәселелерді індете зерттеуіне кедергі келтіреді. Әсіресе мемлекеттік қызметшілер мен лауазымды тұлғалардың сынға төзімділік деңгейі қарапайым азаматтарға қарағанда жоғары болуы керектігін ескерген жөн. Сол үшін заң жобасын жетілдіру үшін Назира Дәрімбет жала жабуға қатысты дауларды азаматтық тәртіппен қарауды, шенеуніктердің сынға төзімділік стандартын бекітуді, журналистер мен әлеуметтік желі қолданушыларының жауапкершілігін ажыратуды ұсынып отыр. Сонымен қатар контентті бұғаттау мен өшіруді тек сот шешімімен жүзеге асырып, балалардың қауіпсіздігін азаматтардың жеке деректерін жаппай жинауды қажет етпейтін технологиялар арқылы қамтамасыз ету керектігін атап өтті.
Медиасарапшы Ғалия ӘЖЕНОВАНЫҢ айтуынша, азаматтардың өз басынан өткен жағдайларды ашық айтуға қорқуы – қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі. Оның пікірінше, әрбір азамат елдің тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын қорғауға, қоғамдық және ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған бастамалар көтеруге құқылы. Алайда мұндай әрекеттер заң аясында жүзеге асуы тиіс.
Сарапшы Қылмыстық кодекстің 274-бабына қатысты пікір білдіріп, жалған ақпараттың қоғамдық және мемлекеттік қауіпсіздікке зиян келтіруі мүмкін екенін атап өтті. Дегенмен қасақана жалған ақпарат таратуды шынайы ақпарат алуға ұмтылу барысында жіберілген қателіктен ажырату қажет деп санайды. Оның айтуынша, кейде журналистер бірнеше дереккөзді тексергенімен, мемлекеттік органдардың ресми ақпаратты уақытылы ұсынбауы салдарынан жаңсақ мәлімет таратуы мүмкін. Егер ресми ақпарат беру ісі жүйелі жолға қойылып, жауапты мекемелер өз міндеттерін тиісті деңгейде орындаса, қоғамда жалған ақпараттың таралу қаупі де азаяр еді. Осы ретте мемлекеттік органдардың ақпаратты уақытылы ұсынбағаны үшін де жауапкершілігін қарастыру қажеттігін атап өтті.
Ғалия Әженова заңнаманы қайта-қайта қатаңдатудан гөрі, қолданыстағы заңдардың орындалу сапасына басымдық беру керектігін айтты. "Қазақстандағы негізгі мәселе заңдардың жоқтығында емес, олардың тиісті деңгейде жүзеге асырылмауында. Сонымен қатар жала жабу мен азаматтың пікір білдіруінің аражігін ажырату үшін кәсіби лингвистикалық сараптаманың маңызы зор. Бұл ретте арнайы білімі мен тәжірибесі бар сарапшыларды даярлау ісін жетілдіру қажет", – дейді ол.
Сарапшы қоғамда ашық пікір алмасуға арналған алаңдардың да жеткіліксіз екенін атап өтті. Оның пайымдауынша, азаматтардың өз ойын еркін жеткізіп, қоғамдық мәселелерді талқылайтын кездесулер мен ағартушылық кеңістіктерді дамыту қажет. Өйткені ашық диалог пен өзара пікір алмасу қоғам мен мемлекет арасындағы сенімді нығайтып, құқықтық мәдениетті қалыптастыруға ықпал етеді.
Демек, интернет кеңістігін тәртіпке келтіру уақыт талабы десек те, осы үдеріс ертең сөз бостандығы мен азаматтық қоғамның үнін өшіруге ұласып кетпесе болғаны.
Жадыра МҮСІЛІМ