"Автотұрақтағы әйел өлімі": Қылмыстық іске қатысты экс-полицейлер ұсталды
Астанада бұрынғы ерлі-зайыптылар арасындағы жанжалдан кейін әйелдің қаза болуына байланысты полицияның бұрынғы төрт қызметкері ұсталды.
Тергеу материалдарына сәйкес, оқиға 23 қыркүйекте тұрғын үйдің автотұрағында болған. Талант Камиден есімді ер адам әйелге пышақ жарақатын салған. Жәбірленуші алған жарақатынан көз жұмған. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Марқұм бұған дейін бұрынғы күйеуіне қатысты полицияға бірнеше рет арызданған. Ол ер адамның ұрып-соғуы, қорқытуы және зорлық көрсетуі туралы хабарлаған. Сондай-ақ 7 және 9 қыркүйекте пышақпен қорқытқанын айтқан. Осы жағдайдан кейін Ішкі істер министрлігінің Өзіндік қауіпсіздік департаменті әйелдің бұған дейінгі арыздарын қараған полиция қызметкерлерінің әрекетіне қатысты тексеру бастаған.
29 қыркүйекте Астанада істі қараған төрт полиция қызметкері ұсталды. Олардың арасында "Сарыарқа" ауданының тергеушісі мен учаскелік инспекторы, сондай-ақ "Нұра" ауданының екі учаскелік инспекторы бар. Олардың барлығы оқиға қарсаңында қызметтен босатылған.
Экс-полицейлер Қылмыстық кодекстің 371-бабы 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу аясында ұсталған. Сонымен қатар оқиғадан кейін Астана қаласы полиция департаменті бастығының тергеу жөніндегі орынбасары қызметінен босатылды.
Тергеу барысында ұсталған қызметкерлердің марқұмның бұған дейінгі өтініштерін қарау кезіндегі әрекетіне құқықтық баға берілмек.