Өткен ғасырда қап қойған армия қалай түзеледі?
Каспийдегі жас сарбаздар трагедиясы қазақ қоғамын бейжай қалдырған жоқ.
Қарапайым халық 14 жастың өліміне өкініш білдіріп, ауыр трагедияға жол берген шенділерді жауапқа тартуды талап етіп отыр. Осы оқиғаға байланысты 5 әскери шенді ұсталып, қорғаныс министрі Дәурен Қосанов қызметінен босатылды.
Сондай-ақ 26 қыркүйекте ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрлігіне кешенді тексеріс жүргізетін комиссия құрды. Оған Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Аида Балаева басшылық етеді. Комиссия құрамында Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов, ҚР ПӘ басшысының орынбасары Ержан Жиенбаев, қаржы министрі Мәди Тәкиев, Бас прокурордың бірінші орынбасары Жандос Өмірәлиев, ҰҚК төрағасының бірінші орынбасары Әли Алтынбаев қатарлы шенділер бар. Комиссия жүргізілген жұмыстың алғашқы нәтижесін 7 күн ішінде баяндайды.
Қоғамда "министрді ауыстыру қорғаныс саласындағы мәселелерді шеше ала ма?", "президент құрған комиссия нені тексереді, нені тексеруі керек?" деген сияқты сұрақтар туындап отыр.
Көпшілік жақсы біледі, Қазақстанда қорғаныс саласына айтылар сын көп. Әсіресе Қаңтар оқиғасы кезінде қарулы күштеріміздің төтенше жағдайға мүлде дайын емес екеніне көз жеткен. Қазақ армиясы бейбіт күнде де дау-дамайдан арылмай келеді. "Сарбаз жұмбақ жағдайда көз жұмды", "әскери қызметкер суицид жасады", "жауынгер соққыға жығылды" деген ақпараттарды ести-ести жұрттың жүрегі шайлықты.
Мамандар "армияда техника тозған, әскердің жауынгерлік даярлығы төмен, офицерлердің біліктілігіне күмән көп" екенін жиі айтады. Қазақ әскері Кеңес кезінен қалған көне жабдықтардан толық арылған жоқ. Салдарынан жаттығу кезінде оқыс оқиғалар үнемі болады, мина жарылып немесе парашют ашылмай қалып, жараланған, қайтыс болған сарбаздар бар. Одан да жаманы, әскерде тәртіп тастай емес. Әскери прокуратураның есебінше, кейінгі бірнеше жылда 86 сарбаз суицид жасап, тағы 20-сы суицид жасауға әрекеттеніпті. Сондай-ақ 2020 жылдан бері 270 әскери қызметкер қайтыс болды деген ақпарат бар. Ең өкініштісі, осы кісі өлімдерінің көбінің нақты себебі анықталған жоқ. Қорғаныс министрлігі түрлі сылтау айтып, мәселені жылы жабуға тырысады. Сарбаз өліміне қатысты тергеу басталғанымен, көбінде өлімге ауру-сырқау немесе оқыс оқиға себеп болды деп іс жабылады. Мұндайда істің анық-қанығын дәлелдеу қиын. Салдарынан сарбаз өлімі тыйылмай тұр. Мұның соңы Маңғыстаудағы трагедияға ұласып отыр.
"Жас Алаш" бұған дейін жастарды армияға алу барысындағы заңсыздықтар, әскердегі әлімжеттік, сарбаз өлімі жайлы талай мәрте жазған. Көптеген кейіпкермен сөйлестік. Бауыр етінен айырылып, боздап қалған ата-ананың зары мен әскерде қысымға ұшырағанын айтып, әділдік іздеген жас сарбаздың мұңын тыңдадық. Әскери сарапшылардың пікірін сұрадық. Соның бәрін жоғарыға, қорғаныс министрінің құлағына жеткізуге тырыстық. Бірақ Қорғаныс министрлігін басқарған шенділер шетінен "сөз ұқпас – су жұқпас" болып шықты.
Мысалы, 2022 жылдың басынан 2025 жылдың ортасына дейін министр болған Руслан Жақсылықов жұрттың жүйкесімен әбден "ойнаған" болатын. Оның "өмір деген жизнь. Өмірде бәрі болады", "адамдармен жұмыс істегендер ештеңеден қорғалмайды", "ажалы жетті" деген сияқты "атақты" сөздерін жұрт әлі ұмытқан жоқ. Жақсылықов "әскерге аман барған азаматтың аман қайтуына кепілдік бере алмайтынын" ашық айтып, сарбаздар амандығына жүрдім-бардым қарайтынын аңғартқан.
Ал одан кейін тізгін ұстаған Дәурен Қосанов бұрынғы басшысынан асып түсті. Армиядағы сарбаз өлімі туралы сұраған журналиске "да вы что" деп күлгені көпке ұнамаған еді. Маңғыстаудағы 14 әскеридің қазасынан кейін оның осы сөзі әлеуметтік желіде қайта тарап, қатты сынға ұшырады. Қосановтың қызметінен қуылуына "да вы что" деген сөзі де әсер еткен болуы мүмкін. Каспийдегі трагедияға күйініп отырған кез келген адам мұндай мысқылшыл министрден бірден түңілері сөзсіз.
Шынын айту керек, азаматтардың көбі қазақ әскерінің қазіргі күйіне наразы. Қазір көп жас армияға баруға ынталы емес. Бұрынғыдай өзі жазылып, армияға аттанатындар қалмаған. Салдарынан жастарды әскерге күштеп әкету көбейді. Отанды қорғау – әр азаматтың парызы. Әскерден жалтару – мақтанатын әрекет емес. Бірақ армияға барғысы келмейтін жастарды кінәлай алмаймыз. Билік олардың алаңсыз әскери борышын өтеуіне толық жағдай жасай алмай отыр.
Біріншіден, армияда жастарға жүріс жүріп, мылтық атудан өзге ештеңе үйретпейді. Қазір қоғам жылдам дамып, технология, өмір сүру әдеті сәт сайын өзгеріп жатыр. Бір жыл армияда болған жас қоғам дамуынан сәл кешігіп қалады. Әскерде болған азаматтарға берілетін жеңілдік аз, олардың жеңілдікпен үй алуына, жұмыс табуына ешкім көмектеспейді. Осыны ойлаған жастар бір жыл армияға барғанша, жұмыс істеп, ақша табуды жөн көреді.
Екіншіден, әскерде әлімжеттік мәселесі әлі шешілген жоқ. "Дедовщина" мен ақша жинаудың соңы сарбаз өліміне ұласып жатыр. Қорғаныс саласына жауапты шенділер "әскердегі өлімнің алдын алып, сарбаздың бір тал шашы түссе, басыммен жауап беремін" деп кеуде керіп шыға алмай отыр. Яғни билік сарбаздардың қауіпсіздігіне кепілдік беріп, әскерден кейінгі өміріне белгілі жеңілдік жасап, жастар армиядан қашатын емес, өз еркімен баратын жағдай жасауы қажет еді.
Президент Тоқаев 2024 жылы қыркүйектегі жолдауында "сарбаздардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне армия басшылары мен құқық қорғау мекемелері жауапты" екенін айтқан. Бірақ қорғаныс саласындағы шенділер Тоқаевтың тапсырмасын орындай алмады. Сарбаз өлімі тоқтаған жоқ. Жақсылықов, Қосанов сияқты министрлер президенттің "әр ата-ана әскерге кеткен баласын мемлекетке сеніп тапсырады" деген сөзінің қадірін қашырды. Баласынан мезгілсіз айырылған ата-аналар "баламды үкіметке сеніп тапсыра алмаймын" дегенді ашық айтты. Ал енді бірі "Аналар, балаларыңызды әскерге жібермеңіздер!" деп ашынды.
Осынша былық пен дау-дамайға батқан әскери құрылымдарға реформа қажет екені анық еді. Маңғыстаудағы трагедиядан кейін осы шындық су бетіне шықты. Президент Тоқаев 27 қыркүйек күні қорғаныс саласының басшылық құрамымен кездесуде армияда олқылықтар өте көп екенін атап өтті. Президенттің айтуынша, бейбіт күнде сарбаздардың өмірін жалмаған қайғылы жағдайға офицерлердің, генералдардың салғырттығы және кәсіби біліксіздігі себеп болған. "Қарулы Күштер басшылығы қордаланған түйткілдерді жылдар бойы шеше алмай келеді. Өткен қайғылы оқиғалардан сабақ алмадыңыздар" деді, – Тоқаев.
Мемлекет басшысы "біздің армия өткен ғасырда қалып қойған" дегенді ашық айтып, "әскерді түбегейлі реформалауды іске асыратын уақыт жеткенін" мәлімдеді. Соған сай арнайы комиссия құрылып, Қорғаныс министрлігін тексеруге кірісті. Тексеріс барысында әскери қызметті ұйымдастыру, әскерді жабдықтау, сондай-ақ оның материалдық және қаржылық тұрғыдан қамтамасыз етілуі жан-жақты зерделенеді. Бұл тексерістен қандай нәтиже шығады? Әскери салаға шынымен іргелі реформа жасала ма, әлде әдеттегідей, косметикалық өзгерістермен шектеле ме? Әскери сарапшыларға осы сұрақтарды қойдық.
Амангелді Құрметұлы, әскери сарапшы: Қоғам қандай болса, армияңыз сондай
"Президент құрған комиссия нақты бағыттарын айқындап алған болар деп ойлаймын. Өйткені комиссия құрамында түрлі саланың мамандары отыр. Ол жерде аудит те жасалады, құқықтық нормативтік құжаттар да тексеріледі. Қарулы күштердің жалпы ішкі ережелері, жарғысы, әскери-тактикалық, оперативті, стратегиялық амал-айлалар бағыты қарастырылатын шығар. Бірінші кезекте, қаржылық аудит жасалуы тиіс. Одан кейін техникалық аудит болатын шығар. Одан кейін адамдардың жеке қатынасы мәселесіне тоқталады деген пікірдемін. Бәрі параллель жүруі мүмкін. Бірақ армиядағы, тіпті тұтас әскери құрылымдардағы олқылықтардың бетін толық ашып беруге 10 күн уақыт аз деп санаймын. Себебі оқыс оқиғалардың әрқайсысының өзіндік себебі болады, әрқайсысына түрткі болған тетіктер болады.
Айталық, Маңғыстаудағы оқиға барысында жаттығуды ұйымдастырушылардың қателігін қарастыратын болсақ, ол көптеген мамандарды қамтитын қателік болып шығуы мүмкін. Жауапкершілік командирден бастап, жаттығу өтетін аймақты зерделеуге тиісті мамандарға дейін шарпуы мүмкін. Яғни әр оқиғаның жеке-жеке астары бар екенін ескеру керек. Біздің армияда айталық парашют ашылмай қалған оқиғалар, байқаусызда мылтық атып алған сарбаздар, өзіне-өзі қол жұмсаған сарбаздар деген сияқты тіпті көптеген оқыс оқиғалар болған. Әскери ұшақтардың құлаған сәттері бар. Мұның барлығын бір комиссия 10 күн ішінде толық зерделей алмайды, зерделеуі мүмкін емес. Бірақ алғышарттарын қарастыратын шығар.
Президенттің ең басты тапсырмаларының бірі – армияны реформалаудың жоспарын әзірлеуді тапсырды. Бұл тұтас реформа басталады дегенді білдірмейді, бастапқы жоспар әзірленіп, президентке ұсынылады деген сөз. Президент әрі қарай оны пысықтап, қосымша тапсырмалар беруі мүмкін. "Жетілдіріңдер, реформаны жасаудың құқықтық негіздерін әзірлеңдер, оны пәлен айдың, пәлен күнінен бастап жүзеге асыруды қолға алыңдар" деген сияқты тапсырма жүктеуі мүмкін. Сондықтан алғашқы 10 күндіктегі нәтиже – әскери тілмен айтқанда барлау сияқты дүние.
Ал президент құрған комиссия нақты нені тексеруі қажет дегенге келетін болсақ, жоғарыда айтылғандармен қатар, салаға ғылыми-зерттеу бағытын енгізу дұрыс деп есептеймін. Біз қазір сырткөз ретінде, сыртқы көріністеріне қарап баға беріп жатырмыз, ал шын мәнінде армиядағы олқылықтардың түп-қайнары қоғамдағы басқа да құбылыстармен тікелей байланысты. Яғни қоғамыңыз қандай болса, армияңыз да сондай деген сөз. Сондықтан жалпы азаматтық сала мен әскери саланың арасындағы байланысты жүйелі зерттейтін кешенді зерттеу жұмыстарын тез арада ұйымдастыру керек. Айталық, әлеуметтану, психологиялық және мәдениеттану бағытында үлкен зерттеулер ұйымдастырылса, ғалымдар тобы жасақталса және сол зерттеулердің нәтижесінде алдағы уақытта армияға жасалатын реформалардың ғылыми негіздемесі даярланса, әлдеқайда дұрыс болады.
Ал жалпы техникалық тұрғыдан жарақтандыру – ол тым үлкен ғылыми негіздемені қажет етпейді. Төңіректегі оқиғаларға назар аудара отырып, соған сәйкес келетін техниканы кез келген сәтте алып алуға болады. Қазірдің өзінде армияда дрондар, роботтар, киберқауіпсіздік мамандары сияқты салаларда түрлі жұмыстар атқарылып жатыр. Отандық стартаптардың өнімдерін қарулы күштерге қабылдау бағытында біршама бастамалар бар, олар жалғасады деп ойлаймын. Мұны техникалық тұрғыдан заманауи трендке ілесу деп бағалауға болады. Ал тұтас мемлекеттік тұрғыдан қарастыратын болсақ, негізгі мәселе адамдар арасындағы қарым-қатынастан туындап жатқанын ескеру керек. Яғни сарбаз бен сержанттың, сарбаз бен командирдің арасындағы, сарбаз бен сарбаздың арасындағы қарым-қатынастың белгілі бір формасы армиядағы кейбір оқыс оқиғаларға себеп болып отыруы мүмкін. Бір сөзбен айтқанда, комиссия осы бағыттағы мәселелерді зерделейтін ғылыми-зерттеулерге мұрындық болса деймін.
Ғалымжан Сәдуақасов, ҰҚК Шекара қызметінің отставкадағы подполковнигі: Жастардың армияға баратын жасын ұлғайту қажет
Армияда неге кемшілік көп? Өйткені жүйе дұрыс емес. Армияға реформа керек екенін осыдан 2,5 жыл бұрын айтқан едім. Қазақ әскеріне өзгеріс ауадай керек. Президент армияны тексеруге тапсырма берді. Комиссия 7 күн ішінде тексерістің алғашқы нәтижесін айтады. Бірақ бұл тексеріске үлкен үміт артып отырған жоқпын. Біріншіден, бір апта өте қысқа уақыт, мұндай қысқа уақытта жүйелі жұмыс атқарылатынына сену қиын. Екіншіден, әскери құрылымда ескі адамдар, бұрынғы қызметкерлер отыр. Демек, тың дүние жасала қоюы екіталай. Жұмыс жасалды дегенді көрсету үшін кішігірім өзгерістер ғана болуы мүмкін.
Менің ойымша, ең бірінші кезекте жүйені өзгерту қажет. Алдымен армияға шақыру жасын ұлғайту қажет. Өйткені қазіргі 18 жастағы балалар, өткен ғасырдағы 15-16 жастағы баламен бірдей. Инфантилизм деп жүрміз оны. Қазіргі 18 жастағы балалар армияға дайын емес. Маңғыстаудағы оқиғаға қатысты да осыны айтуға болады. Балалар суға түскенде оқыс оқиғаға дайын болған жоқ. Каспий жағасында тұратын адамдар біледі екен, ондағы су ағысы жыл сайын өзгеріп тұрады. Осы жолы өткен жерден келер жолы өтуге болмайды. Өйткені ағыс өзгеріп кетеді. Оқу-жаттығу жиынын жасағандар осыны ескермеген. Ал жас балалар оған дайын болмады.
Әлемде соғыс немесе жаттығу жоспарын сол тапсырманы орындайтын адам жасайды. Жоғарғы басшы тапсырманы орындауға не қажет екенін ғана сұрайды. Ал бізде ең жоғарыда отырған офицер "былай істеңдер" деп тапсырма береді. Олай орындау тіпті мүмкін емес. Ал тапсырманы олай орындауға болмайтынын ең төмендегі адам жұмысты қолға алған кезде ғана біледі. Білгенімен, генералға "мұны бұлай істеуге болмайды" деп айта алмайды. Яғни әскери салада бұйрық талқыланбайды, тек орындалады. Сондықтан реформа жасау үшін жүйенің бүкіл концепсияларын, принциптерін өзгерту қажет.
Президент реформа қажет екенін айтты. Ол үшін ең алдымен мәселені көтеруден бастау керек. Конференция өткізіп, біз сияқты мамандарды тыңдау қажет. Өйткені проблеманы шешу үшін оның себебін анықтау қажет. Содан кейін шешу жолын табу қажет. Әйтпесе, косметикалық өзгеріс жасағаннан ештеңе өзгермейді. Жүйедегі нақты проблеманы сырттай бақылап отырған сарапшылар ғана айта алады. Іштегі командирлер, әскерилер нақты кемшілікті көрсетіп бере алмайды. Оларға айтқызбайды да.
Армияда білікті офицерлер көп деп айта алмаймын. Өйткені армияның имиджі нашарлап кеткен. Білікті кадрлар онда барғысы келмейді. Жақсы мамандар басқа жұмыс істеп жүр. Әскерге мамандар "қалдық принципі" бойынша барады. Яғни әскерде басқа амалы қалмаған, басқа жұмыс таба алмағандар еңбек етіп жүр. Реформа жасап, осы жағдайды өзгерту қажет. Әскерге жастар мектеп бітірген соң емес, жоғары оқу орнын тамамдап, азамат ретінде қалыптасқан соң барғаны жөн. Сонда жас сарбаздар бәріне дайын болады. Сол сияқты офицерлер де білікті болуы керек деп есептеймін.
Қуаныш ҚАППАС