Live

"Әйеліне 20 рет пышақ сұққан". Отбасылық зорлық-зомбылық неге азаймай тұр?

"Әйеліне 20 рет пышақ сұққан". Отбасылық зорлық-зомбылық неге азаймай тұр?

Фото: из открытых источников

Қарағанды облысының Абай ауданында 34 жастағы ер адам отбасылық жанжал кезінде 28 жастағы әйелін пышақтап тастаған. Үш баланың анасы қазір ауыр халде аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр. Дәрігерлер оның өмірін сақтап қалуға күш салуда.  

Алдын ала мәлімет бойынша, ерлі-зайыптылар соңғы уақытта бірге тұрмаған. Соған қарамастан, отбасылық жанжал соңы әйелдің ауыр жарақат алуымен аяқталған. Зардап шеккен әйелдің көзіне және ішкі ағзасына пышақ тиген. Туыстарының сөзінше, ер адам әйеліне шамамен 20 рет пышақ сұққан.

Оқиғаға байланысты полицияға 6 қараша күні жедел жәрдем қызметінің диспетчерінен хабар түскен.

"Полиция қызметіне 6 қараша күні жедел жәрдем қызметінің диспетчерінен Абай ауданының тұрғыны пышақ жарақатын алуына байланысты медициналық көмекке жүгінгені туралы дерек түсті. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды, – деп мәлімдеді Қарағанды облыстық полиция департаментінің ресми өкілі Бақытжан Құдияров.

Әйеліне пышақ жарақатын салған ер адамға адам өлтіруге оқталу дерегі бойынша айып тағылып, қылмыстық іс қозғалған. Қазір ол қамауға алынған, тергеу жүргізіліп жатыр.

Бұл – Қазақстанда отбасылық зорлық-зомбылықтың әлі де тыйылмай отырғанын көрсететін кезекті оқиға. Үй ішіндегі жанжалдың соңы әйелдердің аурухана төсегіне таңылуына, кейде тіпті өмірімен қоштасуына әкеліп жатыр. Мемлекеттік органдардың мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы 9 айында отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық жасағаны үшін 90 мыңнан астам адам жауапқа тартылған. Яғни өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 18,4 пайызға көп. Құқықбұзушылардың 25 мыңы әкімшілік қамауға алынған. Осы кезеңде ел бойынша 73 мыңнан астам қорғау ұйғарымы шығарылып, зорлық-зомбылықтан зардап шеккен балаларымен бірге 4,5 мың әйел дағдарыс орталықтарын паналауға мәжбүр болған. Дегенмен мұндай сандар отбасындағы зорлық-зомбылықтың толық көрінісін бермейді. Өйткені 90 мыңнан астам көрсеткіш – жәбірленушілердің емес, құқықбұзушылық жасағаны үшін жауапқа тартылған адамдардың саны. Ал 2026 жылы зардап шеккен әйелдердің нақты жалпы саны туралы толық жылдық статистика әзірге жарияланған жоқ.

Сонымен, "заң қатайды, жаза ауырлады десек те" зорлық-зомбылық неге азаймай тұр? Мұның алдын қалай алуға болады? Біз бұл туралы белгілі заңгер, заң ғылымдарының кандидаты (PhD), қауымдастырылған профессор Болат Сыздықтан сұрап көрдік. Оның сөзінше, жазамен қылмысты азайту қиын.

"Заң соңғы жылдары айтарлықтай қатаңдады. 2024 жылдан бастап ұрып-соғу мен денсаулыққа жеңіл зиян келтіру қылмыс болып саналады. Бірақ тек жазамен қылмыстылықты азайту мүмкін емес. Мен кандидаттық диссертациямды жұртшылықтың қылмыстылыққа әсер етуге қатысуы тақырыбында жазғанмын. Сол зерттеуімде, тәжірибе көрсеткендей, мемлекеттің бақылауы қоғамның өз ұстанымымен толықтырылғанда ғана нәтиже береді. Мұның мынадай үш түрлі себебі бар.

Біріншісі – жұртшылықтың рөлі. Отбасылық зорлық-зомбылықты алғаш болып көретін полиция емес, көршілер, туыстар, әріптестер, мұғалімдер. "Үйдегі іс үйде қалсын" деген түсінік зорлықты жасырып, оның өршуіне жол ашады. Қоғам үнсіз қалмай, зорлықты ашық айыптағанда, бейресми әлеуметтік бақылау ресми шаралардан кем әсер етпейді. Бірақ жұртшылықтың араласуы жәбірленушіні "татуласуға" мәжбүрлеуге айналмауы керек. Мақсат – отбасын кез келген жолмен сақтау емес, адамның қауіпсіздігі. Екіншісі – алдын алу мен жәбірленушіні қорғау. Учаскелік полиция, мектеп, дәрігер мен әлеуметтік қызмет алғашқы белгіні байқағанда бірден әрекет етуі керек. Агрессормен түзету жұмысы жүргізілуі тиіс. Жәбірленушіге дағдарыс орталығы мен тегін заң көмегі қолжетімді болуы қажет. Үшіншісі – заң тілі. Азамат заңды оқығанда өз құқығын және қайда жүгіну керегін анық түсінуі керек", – дейді Б.Сыздық.

Заң қатайды, жауапқа тартылғандар көбейді. Бірақ әйелін ұрып-соғатын, қорлайтын, тіпті әйелдің өміріне қауіп төндіретіндердің қатары азаймай тұр. Үш баланың анасын ажал аузында қалдырған бұл оқиға тағы бір ащы шындықты аңғартты: әйелдің қауіпсіздігі мен өмірін қорғау үшін қағаздағы заң жеткіліксіз. Ең бастысы, зорлық-зомбылықтың алдын алып, жәбірленушіні дер кезінде қорғау қажет. Әйтпесе, отбасындағы жанжалдың құрбаны тағы да әйелдер мен балалар бола бермек.

Арайлым Еркебаева 

Сайт Әкімшілігі