Айман Омарова құрылтайдағы кандидаттардың партиялық тізімдерін сынға алды
Айман Омарова: Партиялық тізімдерге құқықтық білімі жоқ адамдар еніп жатыр
Адвокат Айман Омарова құрылтайға кандидаттарды партиялық тізім арқылы іріктеу жүйесін сынға алды. Оның айтуынша, тізімге енгізіліп жатқан кейбір адамдардың заң саласы бойынша ең төменгі құқықтық білімі де жоқ.
Омарова заң шығарушының қызметі құқықтық білімді, тәжірибені және қабылданатын шешімдердің салдарын түсінуді талап ететінін атап өтті. Сондықтан депутаттық мандат сән үшін берілетін лауазым немесе «саясаттың қолжетімділігінің» символы болмауы тиіс дейді.
Адвокаттың пікірінше, кәсібилік пен сарапшылықтың орнына қолайлылық басты өлшемге айналған. Бұл өкілдік институтының әлсіреуіне әкеліп, парламентті білікті заң шығарушылардың емес, «жаңа тұлғалардың» көрмесіне айналдырады.
Сондай-ақ ол заңдардың салдарын түсінбейтін адамдардың заң қабылдауы құқықтық тәуекелдер туғызатынын айтып, парламент Конституцияға сай құқық үстемдігін қамтамасыз етуі керек екенін жеткізді.
«Егер біз шынымен мемлекет құрғымыз келсе, заң шығару үдерісін даңғойлық жәрмеңкесімен шатастыруды тоқтатуымыз керек. Саяси технология құзыреттілікті алмастыра алмайды, ал заңға безендіру емес, мазмұн қажет», – деп жазды Айман Омарова Facebook парақшасында.