Айнабектің отбасы араша сұраған еді: Қазақстан мен Ресей азаматтарды соғыс аймағынан қайтару мәселесін талқылады
Қазақстан мен Ресей соғыс аймағында қалған Қазақстан азаматтарын елге қайтару бойынша бірлескен іс-қимылдарды әзірлеуге уағдаласты.
Бұл туралы адвокат Мейірман Шекеев Қазақстанның Ресейдегі елшілігінен алған ақпаратқа сүйеніп хабарлады. Бұған дейін "Жас Алашқа" сұхбат берген Айнабек Келдібектің анасы мен әпкесі жақынын елге қайтаруға көмектесуді сұраған еді.
Шекеевтің жазуынша, Қазақстанның сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Ресейдің Қазақстандағы уақытша сенімді өкілі Александр Комаровпен кездескен. Кездесуде соғыс қимылдары жүріп жатқан аймақта қалған қазақстандықтардың жағдайы сөз болған.
Сыртқы істер министрлігінің 2 қазандағы хабарламасында да тараптардың азаматтарды елге қайтаруға бағытталған бірлескен іс-қимылдарды әзірлеуге келіскені айтылған. Алайда жарияланған ақпаратта олардың қашан және қандай тәртіппен қайтарылатыны нақтыланбаған.
Күзетші болуға кеткен Айнабектің оқиғасы
Соғыс аймағына тап болғаны айтылған азаматтардың бірі – 20 жастағы Айнабек Келдібек. Бұған дейін оның анасы, әпкесі және адвокаты Мейірман Шекеев "Жас Алашқа" сұхбат берді. Отбасы Айнабектің тағдырына алаңдап, оны елге қайтаруға араша сұрады.
Туыстарының айтуынша, Айнабек 27 тамызда досымен бірге Ресейге табыс табуға кеткен. Ол ата-анасына көмектесуді көздеген. Ресейде оларға күзетші жұмысын ұсынып, "БАРС" атауы мен логотипі бар құжаттарға қол қойғызған.
Жақындары Айнабектің орыс тілін нашар түсінетінін, сондықтан қандай құжатқа қол қойғанын толық білмегенін айтады. Олардың сөзінше, келесі күні құжаттарды ауыстырып, қайта қол қоюды талап еткен. Жігіттер бас тартқанда, түрмеге қамаймыз деп қорқытып, кері қайта алмайтынын айтқан.
Кейін Айнабек WhatsApp арқылы отбасымен бірнеше рет байланысып, көмек сұраған. Жақындарына жолдаған хабарламасында өзін екі-үш күнде соғысқа алып кететінін жазған.
Туыстары оның Луганск маңында болуы мүмкін екенін айтқанымен, нақты орналасқан жері расталмаған. Сондай-ақ жанында тағы сегіз Қазақстан азаматы болуы мүмкін деген мәлімет бар. Бұл ақпарат та ресми түрде нақтыланған жоқ.
Ресейге кетер алдында Айнабек Қазақстанның Ұлттық ұланында мерзімді әскери қызметін өтеп, маусымда үйіне оралған.