Айтбек Амангелді Бақытжан Байжановтың бостандыққа шығуына қатысты пікір білдірді
Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді Бақытжан Байжановтың мерзімінен бұрын босатылуына қатысты өз ойын әлеуметтік желіде жариялады.
Оның айтуынша, рақымшылық мәселесі қаралған сот отырысы туралы марқұмның туыстарына алдын ала хабар берілмеген және олар сот процесіне қатыса алмаған. Айтуынша, мұндай істер қолданыстағы заңнамаға сәйкес жәбірленуші тараптың қатысуынсыз да қаралуы мүмкін.
Айтбек Амангелді бұл шешімді қабылдау өзіне оңай соқпағанын жеткізді. Оның сөзінше, сот белгілеген жаза мерзімінің кейін бірнеше рет қысқартылуы түсініксіз жағдай болып көрінеді.
Сонымен қатар ол рақымшылық адамның кінәсін жоймайтынын ерекше атап өтті.
«Рақымшылық үкімнің күшін жоймайды және адамды ақтамайды. Ол сотталған мәртебесінде қала береді әрі пробациялық бақылауда болады. Ал оның алдағы тағдырын уақыттың өзі көрсетеді», – деді Айтбек Амангелді.
Еске салайық, Бақытжан Байжанов Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты іс бойынша қылмысты жасырғаны үшін 4 жылға сотталып, кейін рақымшылық туралы заң аясында мерзімінен бұрын бостандыққа шықты.