«Азаттық» сайлау қарсаңында журналистерін аккредиттеусіз қалдыру қаупі барын айтты
Қазақстандағы «Азаттық» редакциясы алдағы парламент сайлауы қарсаңында аккредиттелген журналистерсіз қалуы мүмкін екенін мәлімдеді.
«Бүгінде алаңдатарлық жағдай қалыптасты. Алдағы парламент сайлауына қарай "Азаттықтың" қазақ редакциясы бірде-бір аккредиттелген журналиссіз қалуы мүмкін. Қазір қолданыстағы аккредитация тек бір операторымызда ғана бар. Бүгін редакциядағы 11 журналистің аккредитация мерзімі аяқталады. Біз оны ұзарту туралы өтінішті мамыр айының ортасында тапсырдық. Сыртқы істер министрлігі өтініштерді қарау мерзімін тағы екі айға ұзартқанын хабарлады. Демек, жауапты тек қыркүйектің ортасында аламыз», – деп жазды «Азаттықтың» қазақ қызметінің бас редакторы Төреқұл Дооров Facebook-тегі парақшасында.
«Азаттық» әрдайым ел тағдыры үшін маңызды оқиғаларды жан-жақты, объективті және түрлі көзқарасты ескере отырып жариялауға ұмтылады. Өйткені толық әрі сенімді ақпаратқа қол жеткізу адамдарға саналы таңдау жасауға мүмкіндік береді. Бұл – кез келген демократиялық қоғамның негізі», – деді Дооров.
Айта кетейік, Азаттық радиосында аккредитация мәселесі бұған дейін де болған еді.