Live

БАӘ-де қаза тапқан қазақстандық қыздардың денесі елге жеткізіледі

28 тамызда Қазақстанның Дубайдағы Бас консулдығы Біріккен Араб Әмірліктерінде қаза тапқан Ақжан және Жұлдыз Бохановалардың денесін елге жөнелтуді ұйымдастырды.

Фото: pixabay.com

Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Жанболат Үсенов мәлімдеді.

Оның айтуынша, БАӘ-нің құқық қорғау органдары қазақстандықтардың қазасына қатысты тергеуді жалғастырып жатыр.

«Қазақстандық дипломаттар прокуратурамен және Әмірліктердің басқа да құзырлы органдарымен тұрақты байланыста. Олар марқұмдардың отбасына қажетті көмекті әрі қарай да көрсетеді», – деді Үсенов.

Қазақстан Сыртқы істер министрлігі қаза тапқандардың туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты.

Бұған дейін 2006 және 2004 жылы туған екі қазақстандық қыздың Шарджада жұмыс істеп жүргені хабарланған. Олар тамыздың соңы – қыркүйектің басында Қазақстанға оралуды жоспарлаған, алайда шамамен бір апта бұрын байланысқа шықпай кеткен.

Қыздардың туыстары оларды бірнеше жерден іздегенін, тіпті көші-қон полициясына түсуі мүмкін деп ойлағанын айтқан. Кейін екі адамның денесі табылып, олардың Ақжан мен Жұлдыз екені анықталған.

Туыстарының айтуынша, қыздар қаза тапқан, ал күдікті ұсталған. Олардың сөзінше, күдікті де Қазақстан азаматы.

Қазақстан СІМ мәліметінше, жергілікті билік оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр. Тергеу мүддесіне байланысты әзірге басқа ақпарат жарияланбайды.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: Дубай