Live

"Bal halal" басшысы 945 млн теңге бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінді

Алматыда ғылыми жобаларды жүзеге асыруға мемлекеттен бөлінген қаржыны жымқыру дерегі бойынша "Bal halal" ЖШС директорына қатысты тергеу аяқталды.

Фото: ашық дереккөз

Күдікті компанияға төрт жобаны іске асыру үшін берілген 1,15 млрд теңгенің бір бөлігін заңсыз шығарып, қолма-қол ақшаға айналдырды деген күдікке ілінді.

Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті хабарлады. Тергеу прокуратураның үйлестіруімен жүргізілген.

2023–2024 жылдары "Ғылым қоры" АҚ "Bal halal" компаниясына төрт жобаны жүзеге асыруға қаржы бөлген. Жобалар өсімдік шикізатынан инновациялық макарон өнімдерін және микронутриенттермен байытылған ұн өндіруді көздеген.

Бөлінген ақшаға қажетті жабдықтар сатып алу, өндіріс орындарын дайындау, шикізат пен бөлшектер алу, құрылғыларды орнату және дайын өнім шығаруды жолға қою жоспарланған. Алайда тергеу барысында сатып алынған жабдықтардың жобада көрсетілген өнімдерді өндіруге жарамсыз екені анықталған.

Қаржыны заңсыз шығару үшін күдіктімен байланысы бар адамдардың атына тіркелген "SMART 15" ЖШС пайдаланылған. Жабдық сатып алу және түрлі қызметтерге ақы төлеу деген желеумен осы компанияның есепшоттарына 736,4 млн теңге аударылған. Бұдан бөлек, схемаға "Фабрика рекламы Шымкент", "Jana tan" ЖШС, "Sisters Brand KZ" жеке кәсіпкерлігі және басқа да кәсіпкерлік субъектілері тартылған.

Тергеу материалдарына сәйкес, жобалардың орындалуын бақылау да формалды түрде жүргізілген. Мониторинг актілері өндіріс орындарына бармай, нақты жұмыстарды тексермей-ақ жасалған. Құжаттарды "Bal halal" ЖШС қызметкерлері дайындап, мониторинг топтарының мүшелері қол қойған. Осылайша, мемлекеттік қаражаттың мақсатты жұмсалуын бақылау жүргізіліп жатқандай көрініс қалыптастырылған.

Сонымен қатар күдікті заңсыз қолма-қол ақшаға айналдырылған қаражаттың 88,5 млн теңгесін "Bal halal" ЖШС-нің банк шоттарына қайта енгізген. Бұл соманы жобаларды бірлесіп қаржыландыруға жұмсаған өз қаражаты ретінде көрсетпек болған.

ҚМА мәліметінше, мемлекетке келтірілген жалпы залал 945 млн теңгені құраған.

Күдікті қамауға алынды. Сот санкциясымен жалпы құны 830 млн теңге болатын мүлкіне тыйым салынды. Олардың қатарында бес жер телімі, төрт автокөлік, Астанадағы пәтер, коммерциялық нысан және зергерлік бұйымдар бар.

Қылмыстық іс бойынша өзге ақпарат Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес жарияланбайды.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: Ақша жымқыру