Live

Баланың бас ұстазы – ата-ана: зорлықсыз тәрбие – жарқын болашақ кепілі

Қай қоғамда болмасын ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағының айнасы. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дейді дана халқымыз. Расында да, баланың алғашқы ұстазы – ата-ана. Алайда соңғы жылдары қоғамда балаларға қатысты зорлық-зомбылық, соның ішінде ата-ананың өз перзентіне қол көтеруі жиілеп бара жатқаны алаңдатады.

Фото: БАҚ

Бұл мәселе тек бір отбасының емес, тұтас қоғамның дертіне айналып отыр.
Отбасы-бала тәрбиесін қалыптастырушы ең алғашқы әрі берік бесік.Қазақстан Республикасының Ата Заңының 27-бабында, 2-тармағында”Балаларына қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу- ата-ананың табиғи құқығы әрі парызы”деп отбасының міндеті анық көрсетіледі.
Қоғамдағы өзекті мәселе
Психологтардың айтуынша, баланы ұрып-соғу – тәрбие құралы емес, керісінше оның психологиялық дамуына кері әсер ететін фактор. Мамандардың зерттеулеріне сүйенсек, үнемі физикалық жаза көрген балаларда агрессия, өзіне деген сенімсіздік, тұйықтық немесе керісінше шамадан тыс қатыгездік пайда болады.
Қазақстанда бала құқығын қорғау бағытында заңнамалық жұмыстар күшейтілген. Мамандардың дерегінше, тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайларының бір бөлігі балаларға қатысты жасалады. Көп жағдайда мұндай оқиғалар отбасындағы күйзеліс, жұмыссыздық, әлеуметтік қиындықтар немесе ата-ананың өз тәрбиесіндегі қаталдықтың салдарынан туындайды.

Балаға қол көтеру – мәселені шешудің жолы емес. Бұл – уақытша қорқыту ғана. Ал оның салдары баланың бүкіл өміріне із қалдыруы мүмкін.

Ұрып тәрбиелеу салдары қандай? Еске сала кетсек,Алматыда 7 жасар қызды өлтірді деген күдікпен өгей шешесі қамауға алынған болатын.Марқұм болған Карина Закураеваның жақындары 47 жастағы әйелдің жеткіншекті 4 ай бойы сабап келгенін айтады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды. Ал, туған әкесі оған мүлде араша түспеді дейді. Сөздерінше, соңғы рет үлкен дәретін жіберіп қойғаны үшін, қатыгез әйел қыздың басын қабырғаға ұрған. Қатты соққыдан миына қан құйылып жан тапсырыпты.Қатігездіктің салдары-көз алдарыңызда.

«Баланы сабау – тәрбиелеу емес»
Көпбалалы анамен сұхбат
Көпбалалы ана, жеті баланың анасы ,”Алтын алқа”иегері Гульжан Күмісбаева бала тәрбиесінде мейірім мен сабырдың рөлі ерекше екенін айтады.
— Гульжан ханым, қазіргі кезде кей ата-аналар баланы ұруды тәрбие құралы ретінде қабылдайды. Сіздің көзқарасыңыз қандай?
— Мен бұған түбегейлі қарсымын. Бала – аманат. Оны ұрып емес, түсіндіріп тәрбиелеу керек. Иә, баланы өсіру оңай емес. Кейде шаршайсың, ашуланасың. Бірақ сол сәтте өзімді тоқтатуға тырысамын. Себебі менің бір сәттік ашуым баламның жүрегіне өмірлік жара салуы мүмкін.
—Сіз үйдегі тәртіпті қалай қалыптастырасыз?
— Ең алдымен, өзара сыйластық орнату маңызды. Үйде ортақ ережелер болуы қажет.Балалар неге болмайтынын біледі. Қате жасаса, сөйлесеміз, түсіндіремін. Кейде белгілі бір шектеулер қоямын: телефонды уақытша алып қою, сүйікті ісіне рұқсат бермеу сияқты. Бала тәрбиесінде әкенің де орны өте маңызды.
— Басқа ата-аналарға қандай кеңес берер едіңіз?
— Сабыр сақтау керек. Баланың әр әрекетінің артында бір себеп бар. Сол себепті іздеу қажет. Баламен дос бола білсек, ол да бізді тыңдайды.Ұру-шешім емес,керісінше-қысым деп ойлаймын.Ұрып баланы бағындыра алмаймыз,керісінше баламен сөйлесіп,жылы сөздер айта білу маңызды.

Психолог пікірі: «Физикалық жаза – жасырын зорлық»
Педагог-психолог Айсұлу ханымның айтуынша, физикалық жаза баланың психикасына ұзақ мерзімді әсер етеді.
— Айсұлу ханым,баланы ұрудың психологиялық салдары қандай?
— Ең алдымен, бала өзін қорғансыз сезінеді. Оның санасында «мен жаманмын», «мені жақсы көрмейді» деген ой қалыптасуы мүмкін. Мұндай балалар өскенде не агрессорға, не құрбанға айналуы ықтимал. Сонымен қатар, олар өз мәселесін күш қолдану арқылы шешуге бейім болады.
— Кей ата-аналар «Бізді де ұрған, бірақ жаман болған жоқпыз» дейді. Бұған не айтасыз?
— Бұл — кең таралған қате түсінік. Көп адам бала кезінде алған жарақатын мойындамайды. Бірақ ол ішкі күйзеліс, өзіне сенімсіздік немесе қатыгездік түрінде көрінуі мүмкін. Ғылыми зерттеулер көрсеткендей, физикалық жаза баланың интеллект дамуына, эмоционалдық тұрақтылығына кері әсер етеді.
— Ата-аналарға қандай балама тәсілдерді ұсынар едіңіз?
— Біріншіден, эмоцияны басқаруды үйрену қажет. Екіншіден, баламен ашық сөйлесу мәдениетін қалыптастыру керек. Үшіншіден, нақты ереже мен тұрақты тәртіп орнату маңызды. Ең бастысы – бала өзін қауіпсіз сезінуі тиіс.Ата-ана өз рөлін білсе, бала да уақыт өте сол бірге құрған өмірге бейімделеді.

Тәрбие – үлкен жауапкершілік
Бала – қоғамның болашағы десек,оны қорқынышпен емес, құрметпен тәрбиелеу – өркениетті елдің белгісі. Әр ата-ана өз әрекеті арқылы келешек ұрпақтың мінезін қалыптастыратынын ұмытпауы тиіс.

Ұру – әлсіздің әрекеті, қазіргі қоғам қисынына келмейді.Ал түсіндіру, сабыр сақтау, махаббат көрсету – саналы ата-ананың таңдауы. Баланың бас ұстазы – ата-ана екенін ескерсек, ұстаздың басты құралы – мейірім мен үлгі болуы керек. . Ана деген аяулы аттың, әке деген ардақты ұғымның қасиетін сақтап,қадірін кемітпей ұл-қыз тәрбиелеу-ең үлкен жетістік болмақ.
“Бала ақ парақ,не жазаң соны оқисың” демекші,бүгінгі ұрпақ қандай тәрбие көрсе, ертеңгі қоғам да сондай болары анық.Ендеше, зорлықсыз тәрбие – жарқын болашақтың кепілі екенін жадымыздан шығармайық.Ал оны қазірден қалыптастыру-әр ата-ананың өз қолында.

Жаркембекова Ақниет

Сайт Әкімшілігі