Руханият

Бар мен жоқтың арасындағы балалар әдебиеті

Бар мен жоқтың арасындағы балалар әдебиеті

Фото: театрдың жеке мұрағатынан

"Балаларға арналған жақсы кітап жазу үшін ересектерге арналған кітап жазғандағыдай еңбек ету керек, тіпті одан да көп күш жұмсау қажет" деген екен жазушы Максим Горький. Расында, балалар әдебиеті – көркем сөз өнерінің ең күрделі салаларының бірі. Сөйте тұра балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармалардың аздығы, бұл саланың кенжелеп қалғаны жиі айтылады. Тіпті қазір "қазақта балалар әдебиеті жоқ" деп кесіп сөйлейтіндер де шықты. Ең өкініштісі – мұндай пікір айтатындар балалар әдебиетін оқып, зерделеп жатпайды. "Жоқ" деп төбеден ұрғандай етіп кесім шығарады. Әсіресе әлеуметтік желілерде осы сыңайлас үстірт пайымдардың айтылуы  балалар әдебиеті туралы жаңсақ түсінік қалыптастырады. Әрине, қазіргі қазақ балалар әдебиетінде күрмеулі мәселелер жоқ емес. Жасөспірімдерге арналған шығармалардың тақырыптық ауқымы, кітаптардың таралымы мен қолжетімділігі, баспа ісі, аударма сапасы, балалардың сұранысына сай туындылардың жазылуы секілді тақырыптар әлі де өзекті. Алайда бұл олқылықтар қазақ балалар әдебиетінде ештеңе жазылмай жатыр дегенді білдірмесе керек. Бұрын болған, бола да береді. Бүгін балалар әдебиеті туралы сөз қозғадық. "Жас Алаш" ұйымдастырған дөңгелек үстелге балалар жазушылары Зәуре Төрехан мен Нұрбек Нұржанұлы, әдебиеттанушы, PhD кандидаты, редактор Сара Бекжан қатысты.  

– Осыдан бірер күн бұрын бір блогер қазақ балалар әдебиетінде жасөспірімдерге арналған шығармалар, туындылар жоқ екенін алға тартып, шорт кескен-ді. Сіздіңше, бұл пікір қаншалықты рас, қаншалықты орынды?

Зәуре Төрехан/Зәуре Төрехан

З.Төрехан: Бұл пікірді білдірген кім екенін білмеймін, бірақ "қазақ балалар әдебиетінде жасөспірімдерге арналған шығармалар, туындылар жоқ" деген сөз қисынға келмейді. Демек, ол блогер қазіргі заманның кітап нарығынан хабары жоқ деген сөз, мұндай сөзді айтар алдында бұл мәселені жете зерттеген дұрыс еді. Соңғы бес-алты жыл көлемінде қазақ балалар әдебиеті қарқынды дамып келе жатыр, жаңа кітаптар шығып, тіпті жаңа есімдер танылды. Алайда ол авторларды жарнамалау, атын бренд етіп шығару жағы ақсаңқырап жатқаны рас. Сонымен қатар шағын болсын, ірі болсын, баспалар шетелдік балалар әдебиетін кәсіби түрде қазақша тәржімалап, жыл сайын сөредегі кітап түрін жаңартып жатқанын да көріп жүрміз. Ол кітаптарды қалалықтар, шетелдегі қазақтар ғана тұтынбайды, кейбір қалталы азаматтар ауыл-ауылдарға сыйлап жатқанын өзім естіп, көріп жүрмін.

С.Бекжан: Иә, бұл пікір әлеуметтік желіде дау тудырғаны рас. Алайда мен әдебиеттанушы, ізденуші ретінде бұл пікірмен келіспеймін. Себебі кез келген ұлттың балалар әдебиеті фольклордан, ертегілер мен аңыз-әңгімелерден тұрады. Тіпті шетелдің мектептегі оқу бағдарламасында әуелі өз әдебиеті, әдебиетінің классикалық үлгілері оқытылады. АҚШ-та 2025 жылы 4 100 жүргізілген NCTE сауалнама нәтижесінде ең көп оқылатын кітаптар тізімінде Шекспирдің "Ромео мен Джульетта", Фицжеральдтің "Ұлы Гетсби", Стейнбектің "Тышқандар мен адамдар", Брэдберидің "Фаренгейт бойынша 451", Харпер Лидің "Бұлбұл" романдары топ бастап тұр екен. Яғни бала заманауи шығармаларды оқымас бұрын өз ұлтының классикалық үлгілерін, шығармаларынан оқи бастауы керек.

Қазақстанда бекітілген оқу бағдарламасына көз жүгіртсек, 5-сынып оқушылары "Керқұла атты Кендебай", "Қобыланды батыр" жырларын, Ы.Алтынсарин, А. Байтұрсынұлы туындыларын, Б.Соқпақбаевтың "Менің атым Қожа", М.Қабанбайдың "Бауыр" повестерін, Т.Нұрмағамбетов пен Н.Ақыштың шығармаларын, ал шетел әдебиетінен Джек Лондонды оқиды.

6-7 сыныптарда "Аяз би" ертегісі, Әл-Фараби, Абай, С. Торайғыров шығармалары, С. Мұратбековтің "Жусан иісі", О. Бөкей, А. Алтай, Е. Жүніс туындылары қамтылған. Сонымен қатар шетел әдебиетінен Р.Ғамзатовтың "Ана тілі" мен "Менің Дағыстаным" шығармалары, сондай-ақ "Қыз Жібек" жыры, "Күлтегін" ескерткіші, Жамбыл, М.Жұмабаевтың "Батыр Баян" поэмасы, М.Әуезовтің "Көксерек" әңгімесі, Қ.Қайсеновтің "Жау тылындағы бала" повесі, М.Шаханов пен Т.Медетбектің туындылары оқытылады.

Ал 8-10 сыныптарда оқушылар көлемді тарихи романдар мен драмалық туындыларды оқуға көшеді. Мәселен, бұл кезеңде М.Дулатовтың "Бақытсыз Жамал" романы, Б.Момышұлының "Ұшқан ұя" повесі, Д. Исабековтің "Әпке" драмасы, Ж.Сахиев пен Р.Мұқанованың туындылары бар.

Бұларды не үшін айтып отыр десеңіз, шетелдік тәжірибеге де назар аударсақ, балалар оқитын классикалық шығармалар өткен ғасырларда жазылып кеткен және уақыт сынына төтеп бере алған туындылар. Қазақстанда да қазақ балалар әдебиетінің классикалық шығармалары осы оқу бағдарламасына кіріп отыр. Керісінше, мектептегі әдебиет сабақтарына әлемдік сабақтастықты арттыратын, мәдени байланысты мықтырақ ете түсетін әлем әдебиетінің жауһарларын қоса түсуіміз керек. Оларды қазір көптеген отандық баспа ана тілімізге сауатты аударып, оқырманына ұсынып жүр. Сол себепті жасөспірімдер ана тілінде кітап оқығысы келмейді деген сөз шындыққа жанаспайды.

Н.Нұржанұлы: Қазір елімізде балаларға арналған кітаптарды шығарып, насихаттап жүрген баспалар мен түрлі әдеби жобалар бар. "Отбасы хрестоматиясы", "Қасым", Steppe and world және басқа да баспалар осы бағытта жұмыс істеп келеді. Мемлекеттік тапсырыс аясында да балаларға арналған шығармалар жарық көріп жатыр. Сәйкесінше, аударма кітаптардың саны артқан, жаңа авторлардың еңбектері жарияланып жатқанын көріп жүрміз. Сондықтан балалар әдебиетінде ешқандай қозғалыс жоқ деп түбегейлі шорт кесу дұрыс болмас. Керісінше, кейінгі жылдары белгілі бір ілгерілеу байқалады. Алайда бұл саладағы ең үлкен мәселе шығармалардың мүлдем жазылмауында емес сияқты, анығында, жазылған дүниелердің оқырманға толыққанды жетпеуінде деп ойлаймын.

– Бүгінгі жасөспірімдердің қызығушылығы, болашақ туралы түсінігі, тіпті қорқынышы мен арманы да өзгерді. Мәселен, әлем әдебиетінде жасөспірімдердің есею кезеңін, тұлғалық қалыптасуын суреттейтін coming-of-age бағытындағы шығармалар кең таралған. Ал қазіргі қазақ балалар әдебиеті осы буынның болмысын қаншалықты дәл бейнелеп жүр?

З.Төрехан: Сіз айтып отырған coming-of-age, яғни есею тақырыбын көтеретін шығармалар жаңадан пайда болған жоқ, ол "мәңгілік алты тақырыптың" қатарына жатады. Мен де осы жанрда "Айша и Невидимые соседи" ("Айша және Үй пірлері") повесін жаздым, 2017 жылы "Алтын Тобылғы" әдеби премиясын алдым, ал 2023 жылы бұл кітап Мәдениет министрлігінің "Қоғамдық маңызы бар әдебиет" бағдарламасы бойынша "Дәуір" баспасынан шығып, еліміздің бүкіл кітапханаларына тарады. Менің білуімше, осы жанрда Рүстем Сауытбай, Айсұлу Алмасбаева, Мәди Раимов, Ильмаз Даниялұлы, Зира Наурызбай, Лиля Калаус, Елена Клепикова, Ділдар Мамырбаева, Сәуле Досжанова, Баянғали Әлімжанов, Нұрбек Нұржанұлы, Әсет Сыздықов және басқа да көптеген авторлар қалам тербеп жүр. Әр автордың өзіндік ерекше дауысы, стилі бар, әрқайсысы өзіне жақын тақырыпты таңдап, туындыларын халыққа ұсынды. Мәселен, Мәди Раимов ерекше баланың әкесі бола тұра, қызы "Аэлин, девочка в которой живет свет" деген кітаптар сериясын шығарып жатыр. Ал Ұлттық кітаптың жеңімпазы Айсұлу Алмасбайдың "Жел тербеген әуен" комиксі Қорқыт бабамыздың бала кезіндегі бейнесін беріп, өлім тақырыбын жалмауыз бейнесі арқылы жақсы ашып көрсетті.

С.Бекжан: Қазіргі жазушының басты міндеті – балаға өз заманының үні бар, қызығушылығын арттыратын дүниелер көбірек ұсыну. Мәселен, Зира Наурызбай мен Лиля Калаустың "Бату мен достарының бастан кешкендері" атты үш бөлімнен тұратын туындысы бар. Оны қазақтың Хәрри Поттері десек те болады. Жазушылар қазақ фольклорының қазынасын қазіргі баланың талабына сай ұсына білген. Сонымен қатар Руслан Сауытбайдың "Шоко әлем" атты алты бөліктен тұратын кітаптар сериясын, Зәуре Төреханның "Әмина Тұранның көшпенділер еліне саяхаты",  Бейбіт Сарыбайдың "Бекзат" сынды туындыларын атап өтсек болады. Айсұлу Алмасбайдың "Жел тербеген әуен" комиксі Болоньядағы балалар әдебиеті көрмесінде және Гуанчжоудағы кітап көрмесінде Қазақстан атынан таныстырылып, көрермен ықыласына бөленді. Биыл Франкфуртте өткен дүниежүзілік кітап көрмесінде Айнұр Мұраттың "Аспан алақанын аңсаған Үлпілдек" кітабының таныстырылымы өтті. Қазақстан биыл осы көрмеде 300-ге жуық кітап таныстырылымын өткізіп, әлемдік кітап шығару үрдісімен қазақ елінің де әлем әдебиетінің бір бөлігі екенін көрсете білді. Бұған қарағанда біз де әлемдік үрдістен қалмайтын, өз үлесімізді қосатын үлкен бір мәдениетпіз. Қазіргі мақсатымыз – ұлттық құндылықтан ажырамай, өз мәдениетіміз бен тарихымыз көркем шығармалар арқылы, креатив индустрия, соның ішінде кітап шығару, аудару және басып шығару саласын ары қарай дамыта беруіміз керек. Шетелдік жақсы тәжірибелерге, зерттеулерге сүйене отырып, қазіргі заман баласының сүйіп оқитын туындыларын аударып, сол секілді өзіміз де ана тілімізде комикс, хикаяттар мен романдар жаза беруіміз керек.

Нұрбек НҰРЖАНҰЛЫ/Нұрбек НҰРЖАНҰЛЫ

Н.Нұржанұлы: Жасөспірімдік кезең – адам өміріндегі ең күрделі шақтардың бірі. Бұл уақытта бала әлі толық ересек адамға айналмағанымен, бұрынғы балалық дүниетанымынан біртіндеп алыстай бастайды. Оның ойы, сезімі, қоршаған ортаға көзқарасы өзгереді. Өзін тануға, өмірден өз орнын табуға, түрлі сұрақтарға жауап іздеуге ұмтылады. Бірде әлденеге еліктейді, бірде өзіне сенімсіздік танытады, кейде айналасындағы адамдармен келісе алмайды. Алғашқы махаббат, достық, жалғыздық, отбасымен қарым-қатынас, болашаққа қатысты алаңдаушылық секілді сезімдер де осы кезеңде ерекше маңызға ие болады. Мұның бәрі көркем әдебиетте шынайы бейнеленуге тиіс. Әсіресе жоғары сынып оқушылары мен университеттің алғашқы курсындағы жастарға арналған шығармалар қажет. Олар кітаптан өздерін көріп, өздеріне таныс сезімдер мен жағдайларды кездестіре алуы керек. Кейіпкердің басынан өткен оқиға жасөспірімге өзінің қиындықтарын түсінуге, белгілі бір мәселеге басқа қырынан қарауға, кейде тіпті тығырықтан шығудың жолын іздеуге көмектесуі мүмкін. Меніңше, жазушының үлкен жетістіктерінің бірі – оқырманның шығармадан өзін тануы. Егер жасөспірім кітаптағы кейіпкердің жан дүниесінен өз сезімдерін, ойларын, күмәні мен үмітін көре алса, автордың еңбегі зая кетпегені.

– Жалпы балалар әдебиетінің дамуы қоғамдағы саяси, әлеуметтік өзгерістерге қаншалықты тәуелді? Шынымен жасөспірімдер әдебиетінде тапшылық бар ма? Мүмкін жазылған, жарияланған дүниелердің насихатталуында мәселе бар шығар…

З.Төрехан: Біздің авторлардың насихатталып, танылуына кедергі нәрсе – автордың жеке брендін дамытудың ақсап жатқаны. Ол үшін үш бағытта жұмыс істеген абзал: біріншіден, автордың өзі әлеужелілерге күнде рилс салып, шаршамай-талмай өзін жарнамалап отыруы керек. Екіншіден, автордың кітабын шығарып жатқан баспа кітап маркетингін, жарнаманы жақсылап жасауға өз бюджетінен қаражат қарастыру керек. Үшіншіден, БАҚ, блогерлер бүгінгі қазақ әдебиеті, осы саладағы жаңалықтар туралы, авторлар мен олардың шығармаларын тұрақты түрде айтып отырса, халық өз ақын-жазушыларын білетін болады. Тағы бір қиындық туғызатын мәселе, авторларымыз көп болса да, тіпті аты шыққан жазушылардың өздері де шығармаларын уақытылы кітап етіп шығара алмайды. Мәселен, кітап жазылып біткен соң, ол бірден басылып шықпайды, арада бірнеше жылдар өткен соң ғана ол кітаптың "ыстығы суып", халықтың қолына жетеді. Қазіргі кезде баспалар отандық авторларды шығаруға да, аударып шетелге ұсынуға да құлықсыз, себебі олар жекеменшік баспа болған соң, инвестицияларын ақтап алғысы келеді, ал жарнамаға ақша құйылмаған кітаптарды халық алмайды. Өкінішке қарай, біздің қоғамда осындай тұйық жүйе қалыптасқан.

Фото Сара Бекжан/Сара Бекжан

С.Бекжан: Меніңше, мәселе бұл жерде де әлем әдебиетінің оқу бағдарламаларында сирек кездесуінде жатыр. Себебі мектеп бәрібір баланың қандай кітап оқитынына, оның талғамына әсер етеді. Бала сол арқылы оқу дағдысын дамытады. Біз қандай да бір жазушыны "мұндай кітап жазбадың" деп кінәлай алмаймыз. Себебі ол жазушының оқып өскен кітаптарына байланысты. Соңғы жеті жылда баспа саласы үлкен қарқынмен дамып жатыр. Әлем әдебиетінің жауһарлары неғұрлым ана тілімізге көбірек аударылса, соғұрлым өз төл әдебиетіміз де дами түседі. Себебі өз әдебиетін оқыған, оның үстіне жаһандық әдебиетпен де таныс болған бала болашақта заманауи көркем шығармаға тән, барлық сұранысқа жауап беретін шығарма жазуы ықтимал. Бұл әсіресе қазақ мектептеріндегі әдебиет сабақтарын қайта қарастыруды талап ететін үлкен мәселе. Болашақта мектептерде "Әлем әдебиеті" деген пән қосылса тіпті керемет болар еді. Сол кезде, бәлкім, формаларға, жанрларға бір жаңалық енгізетін жазушы, авторлар пайда болатын шығар.

Н.Нұржанұлы: Бұл ретте мемлекет тарапынан да, кәсіпкерлер тарапынан да жүйелі қолдау көрсетілгені маңызды. Мемлекеттік тапсырыс арқылы кітап шығару тәжірибесі бар, оны жоққа шығаруға болмайды. Дегенмен қолдаудың көлемі мен жүйесін жетілдіру қажет екенін мойындауымыз керек. Себебі әлі де жарық көрмеген шығармалар аз емес. Оның үстіне кітапты басып шығару мәселенің бір бөлігі ғана. Оны оқырманға таныстыру, кітап дүкендеріне жеткізу, мектептер мен кітапханаларға тарату, балалардың қызығушылығын ояту да үлкен еңбекті қажет етеді. Осындай жұмыстар жүйелі жүргізілсе, бір жағынан, жазушылардың шығармашылық еңбегі бағаланар еді, екінші жағынан, балалардың ана тіліндегі әдебиетпен жақынырақ танысуына мүмкіндік туар еді. Мұның ұлттық дүниетанымды қалыптастыруға, баланың рухани дамуына тигізетін әсері де зор. "Қаһарман құмырсқа" кітабым мемлекеттік тапсырыс арқылы жарық көрді. Қолжазбаны баспаға шамамен екі жыл бұрын тапсырған едім. Содан биыл ғана хабарласып, кітаптың шыққанын айтты. Әрине, шығармамның жарық көргеніне қуандым. Бірақ бір кітаптың өзін басып шығару үшін осынша уақыт күтуге тура келетіні ойландырды. Мемлекеттік тапсырысқа ұсынған күннің өзінде шығарманың байқаудан өтетініне, қашан жарияланатынына кепілдік жоқ. Ал өз қаражатыңмен шығару үшін қомақты ақша қажет. Сондықтан көптеген жазушының дайын шығармалары баспа бетін көрмей, өз кезегін күтіп жатыр деп ойлаймын. Бұл жалғыз менің басымдағы жағдай емес. Мен секілді бірнеше томға жететін шығармалары дайын тұрған, бірақ оны жарыққа шығаруға мүмкіндігі болмай жүрген қаламгерлер аз емес шығар.  

Кітапты шығару бір мәселе болса, оны сату мен оқырманға жеткізу одан да күрделі екен. "Қаһарман құмырсқа" жарық көргеннен кейін өзім де кітап тарату ісімен айналысып көрдім. Қосымша даналарын сатып алып, оларды оқырманға ұсынуға тырыстым. Сол кезде кітап саудасының қаншалықты қиын екенін түсіндім. Бәлкім, автордың танымалдығы да кітаптың сатылуына әсер ететін шығар. Қазір жарнаманың, әлеуметтік желілердің ықпалы өте күшті. Кейде жазушы ретінде танылу үшін Instagram мен TikTok-та үнемі көрініп, түрлі подкастқа қатысып, көпшіліктің назарын аударатын әрекеттер жасау керек пе деп те ойланасың. Бірақ жазушының негізгі жұмысы бұл емес қой. Әдебиетке келген адам ең алдымен жазу үшін келеді. Ал шығармасын өзі жарнамалап, өзі сатып, өзі таратуға мәжбүр болғанда, оның қаншалықты қиын екенін түсінесің.

– Енді аударма тақырыбына ойысайықшы. Қазір балаларға арналған кітаптар шығаратын баспалар көбейіп, әлем әдебиетінің танымал шығармалары қазақ тіліне аударылып жатыр. Дегенмен осы уақытқа дейін де бірқатар жазушылар мен аудармашылар балалар әдебиетін аударуда үлкен үлес қосты ғой. Бұл еңбектерді жоққа шығара салу жөн болмас.

З.Төрехан: Әлбетте, "біздің замандастар ғана әлем әдебиетін аударды, оған дейін әлем әдебиеті қазақ тіліне аударылмады, бізде аударма ісі болмады" деген дақпырт сөздер шындыққа жанаспайды. Қазақ зиялылары қашан да ағартушылықпен айналысқан, өз шығармаларымен қатар шетелдік танымал шығармаларды, классиканы шама-шарқы жеткенше аударып, халыққа ұсынды. Абай атамыздан бастап, Алаш зиялылары, кеңес заманындағы қазақ ақын-жазушылары талай туындыларды аударды. Баспадан шығартты. Ол кітаптарды бүгінде кітапханалардан табуға болады, тіпті кітапханашылар ол кітаптардың барлығын сканерлеп, сайттарына салып қойған. Қазіргі цифрлық заманда Қазақстанның, әлемнің қай жерінде тұрсаң да, ол кітаптарды онлайн оқуға әбден болады және мен өзім солай істеймін. Ал қазіргі заманға келетін болсақ, біздің баспалар шетелдік атақты замандастарымыздың кітаптарын сәтті аударып жүргеніне куәміз. Маған "Алматыкітаптың", Steppe& World баспаларының кітаптарының аударма сапасы, көркемдік деңгейі өте ұнайды. Мен көбінесе осы екі баспаның кітаптарын аламын, бірақ басқа баспалардың аудармалары да мықты деп естідім.

С.Бекжан: Иә, бұрындары шет ел әдебиеті көбіне орыс тілінен аударылып жүрді. Алайда түпнұсқадан аударған аудармашыларымыз да аз емес. Соның ішінде неміс тілінен қазақ тіліне аударып, ұзақ жылдар бойы еңбек еткен, Абай шығармаларын неміс тіліне аудару және насихаттау ісіне үлес қосқан Әлмағанбет Төреханов, Таңсұлу Рахымбай, ағылшын тілі маманы, зерттеуші Үрила Кеңесбай, Динара Мәзен сынды аудармашыларды атауға болады. Өткенде ғана Қазақстан жазушылары кітапханасынан 2007 жылы Гете институтының қолдауымен шыққан Петер Хэртлиңнің "Қазанбастың хикаясын" (неміс тілінен аударған және суреттерін салдырған – Әлмағанбет Төреханов) көріп, таңғалдым. Бұл кітаптар аз тиражбен шыққан секілді, себебі кітапханалардан бұрын-соңды көрмеппін.

Дайындаған Ақгүлім ЕРБОЛҚЫЗЫ

Сайт Әкімшілігі