Live

Басшысы ұсталған ҚТЖ тергеу туралы қосымша ақпарат жоқ екенін мәлімдеді

«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы басқарма төрағасы Елжас Отыншиевтің ұсталуына байланысты жаңа мәлімдеме жасады.

Фото: Жас Алаш

Компания құқық қорғау органдарымен ынтымақтасып жатқанын, алайда қылмыстық іс туралы жарияланған мәліметтерден басқа ақпараты жоқ екенін хабарлады.

ҚТЖ мәліметінше, компания Қазақстан заңнамасына сәйкес құқық қорғау органдарына қажетті ақпарат пен материалдарды ұсынып жатыр.

«Осы хабарлама дайындалған сәтте «ҚТЖ» ҰК» АҚ-да аталған мәселеге қатысты көпшілікке жарияланған ақпараттан басқа мәлімет жоқ», – делінген компания мәлімдемесінде.

Ұлттық компания Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сілтеме жасап, сотқа дейінгі тергеу деректерін жариялауға болмайтынын еске салды. Осыған байланысты ҚТЖ әзірге қосымша түсініктеме бере алмайтынын жеткізді.

Сонымен қатар компания мен оның еншілес ұйымдары қалыпты режимде жұмыс істеп жатқанын мәлімдеді. Инвесторлар, кредиторлар, халықаралық қаржы институттары және іскерлік серіктестер алдындағы міндеттемелер қолданыстағы келісімдерге сәйкес орындалып жатқанын хабарлады.

Бұған дейін ҚТЖ теміржол тасымалының үздіксіз жүргізіліп жатқанын мәлімдеумен шектелген еді. Ал жаңа хабарламада компания басшысының ұсталуына қатысты мәселеге тікелей тоқталған.

Еске салайық, 12 қарашада Ұлттық қауіпсіздік комитеті «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басшысы Елжас Отыншиевтің сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген күдікпен ұсталғанын ресми растаған.

13 қарашада президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік кеңесінің жедел отырысында болған жағдайды мемлекеттік компаниялардағы сыбайлас жемқорлық мәселесіне қатысты аса маңызды белгі деп бағалады. Мемлекет басшысы ҚТЖ қызметін сынға алып, компанияның табыстылығы мен тиімділігін арттыру қажеттігін айтты.

Үкімет пен бақылаушы органдарға 24 қарашаға дейін квазимемлекеттік сектордағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту және мемлекеттік компаниялардың жұмысын жақсарту жөнінде нақты ұсыныстар әзірлеу тапсырылды.

Осы оқиғалардан кейін сарапшылар ҚТЖ акцияларын қор нарығына шығару (IPO) жоспары кейінге шегерілуі мүмкін екенін де жоққа шығармайды. Алайда бұл жөнінде әзірге ресми шешім жарияланған жоқ.

ҚТЖ-ның жаңа мәлімдемесінде Елжас Отыншиевтің міндетін уақытша кім атқарып отырғаны, оның ұсталуынан кейін қандай кадрлық шешімдер қабылданғаны және IPO жоспарының өзгерген-өзгермегені туралы ақпарат берілмеген.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: ҚТЖ