Батыс Қазақстан облысында жол апатынан екі полиция қызметкері қаза тапты
Батыс Қазақстан облысында полицияның қызметтік көлігі жол апатына ұшырап, екі полиция қызметкері көз жұмды.
Бұл туралы облыстық полиция департаментіне сілтеме жасаған «Уральская неделя» хабарлады.
Алдын ала мәлімет бойынша, жол-көлік оқиғасы 3 шілде күні сағат 13:47-де Тасқала – Аққорай автожолының 55-шақырымында, Еменжар ауылына бұрылыс маңында болған.
Қызметтік JAC патрульдік автокөлігі аударылып кеткен.
Апат салдарынан көлікте жолаушы болған полиция майоры, лицензиялық-рұқсат беру қызметінің инспекторы Абзал Үмбетқалиев оқиға орнында алған жарақатынан қайтыс болды. Ол 38 жаста болған.
Марқұмның артында бес баласы қалды.
Қызметтік көлікті басқарған полицияның аға сержанты, техник Әдиет Нұрғали ауыр жарақат алып, кейін ауруханада көз жұмды. Ол 39 жаста болған.
Алдын ала мәліметке сәйкес, полиция қызметкерлері Тасқала ауылынан Чижи ауылына қару сақтау талаптарын тексеру үшін бара жатқан.
Облыстық полиция департаменті жол апатының мән-жайы мен себептері анықталып жатқанын мәлімдеді.