Live

Белгілі педагог әрі мәдениет қайраткері Төрткен Кененқызы өмірден өтті

Белгілі мәдениет қайраткері, халық ағарту ісінің үздігі, еңбек ардагері әрі көрнекті ұстаз Төрткен Кененқызы өмірден өтті.

Фото: ашық дереккөз

Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министрлігі мәліметінше, Төрткен Кененқызы саналы ғұмырын жас ұрпақты тәрбиелеуге, ұлттық өнерді дамытуға және халықтың рухани мұрасын сақтауға арнаған.

Ол шәкірттеріне ана тіліне, әдебиетке және ұлттық құндылықтарға деген сүйіспеншілікті сіңіріп, білім беру саласының дамуына елеулі үлес қосты.

Сондай-ақ ол халық ақыны, әнші әрі композитор Кенен Әзірбаевтың қызы ретінде әкесінің шығармашылық мұрасын көздің қарашығындай сақтап, оны жинақтау, зерттеу және кейінгі ұрпаққа насихаттау ісімен айналысты.

Министрлік Төрткен Кененқызының өмір жолы, ұстаздық еңбегі мен ұлттық мәдениетті дамытуға қосқан үлесі келешек ұрпаққа әрдайым үлгі болып қала беретінін атап өтті.

Сайт Әкімшілігі