Бибісара Асаубаева Франциядағы беделді турнирдің чемпионы атанды
Қазақстандық шахматшы, блицтен үш дүркін әлем чемпионы Бибісара Асаубаева Францияда өткен WR Women's Chess Tour 2026 турнирінің рапид бәсекесінде жеңіске жетті.
Сен-Тропеде өткен жарыстың финалында Асаубаева украиналық Мария Музычукпен кездесіп, қарсыласын 2:0 есебімен жеңді.
Қазақстандық шахматшы енді осы турнир аясындағы блиц жарысында да чемпиондық атақ үшін күресін жалғастырады.
WR Women's Chess Tour 2026 – әйелдер арасындағы элиталық шахмат турнирлерінің халықаралық сериясы. Ол төрт құрлықтық кезеңнен және жыл соңында өтетін гранд-финалдан тұрады. Жарыстар рапид және блиц форматында ұйымдастырылады.
Францияның Сен-Тропе қаласындағы кезең 25-26 тамыз аралығында өтіп жатыр. Турнирдің жалпы жүлде қоры – 40 мың доллар.
Айта кетейік, 22 жастағы Бибісара Асаубаева 2025 жылдың соңында блицтен әлем чемпионатын үшінші рет жеңіп алған. Осылайша ол Қазақстан тарихындағы блицтен үш дүркін әлем чемпионы атанған алғашқы шахматшы болды.