спорт

Бибісара Асаубаева II дәрежелі «Барыс» орденін алды

Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева II дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталды.

Фото: ашық дереккөз

Спортшы марапатты Telegram-арнасында көрсетіп, бұл өзі көптен күткен орден екенін айтты.

«Менде III дәрежелі орден бар еді, енді I дәрежесі ғана қалды. Сонда толық кавалері боламын. Қараңыздаршы, қандай әдемі», – деді Асаубаева.

II дәрежелі «Барыс» орденін шахматшыға Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы 30 желтоқсанда блиц шахматтан әлем чемпионатындағы жеңісі үшін табыстаған.

Бұған дейін, 2024 жылдың қазан айында Республика күні қарсаңында Бибісара Асаубаева III дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталған болатын.

Бибісара Асаубаева – Қазақстандағы ең танымал шахматшылардың бірі. Оның халықаралық турнирлердегі жетістіктері спорт жанкүйерлері мен шахмат қауымдастығының ерекше назарында.

Айта кетейік, бұл марапат туралы жаңалық жуырда Асаубаева мен Туризм және спорт министрлігі арасында туындаған қоғамдық пікірталас аясында жарияланып отыр. Бұған дейін шахматшы Президенттен көмек сұрап, жалақысының азайғанын мәлімдеген еді. Ал министрлік төлемдердің қысқарғанын растағанымен, оны қолданыстағы қаржыландыру қағидаларымен түсіндірген.

Сайт Әкімшілігі