спорт

Бибісара Асаубаева Тоқаевқа үндеу жасады: Жалақымды үш есе қысқартты, ал шахмат федерациясы маған ешқашан жалақы төлеген емес

Әлемдегі ең мықты шахматшылардың бірі, қазақстандық гроссмейстер Бибісара Асаубаева Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа көмек сұрап үндеу жасады.

Фото: ашық деркккөзден

Спортшы әлеуметтік желідегі парақшасында жариялаған видеомәлімдемесінде қазіргі таңда әлемдік рейтингте бесінші орында тұрғанын атап өтті.

– Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Мен халықаралық гроссмейстер Бибісара Асаубаевамын. Қазір әлемдік рейтингте бесінші орындамын. Менің алдымда тек төрт қытайлық шахматшы тұр. Қалған әлемнің бәрін басып оздым. Сізге мемлекет басшысы ретінде көмек сұрап жүгініп отырмын, – деді ол.

Асаубаева жақында ғана аяқталған беделді Norway Chess турнирінде мерзімінен бұрын чемпион атанғанын айтты. Оның сөзінше, жарысқа дайындық өз қаржысы мен ата-анасының қаражаты есебінен жүргізілген.

– Маған көмектескен бапкерлер мен аналитиктердің еңбекақысын әлі күнге дейін төлей алғанымыз жоқ. Сіздің сөзіңізбен айтқанда, мен еліміздің алтын қорына жатамын. Медальдарым денсаулық, төзім мен орасан еңбек арқылы келеді, – деді шахматшы.

«Жалақымды үш есе қысқартты»

Асаубаева шахматтағы әлем чемпионаты үшін мемлекеттен төленетін сыйақы көлеміне де назар аударды.

– Спорт министрлігі әлем чемпионатындағы жеңіс үшін 2 мың доллар сыйақы береді. Ал Олимпиада медалі үшін 250 мың доллар төленеді. Қазақстанда ересектер арасында әлем чемпионы атанған ерлер де, әйелдер де жоқ, тек мен ғана бармын. 2023 жылы екінші әлем чемпиондығын жеңіп алғаннан кейін министрлік арқылы ай сайын 1 миллион теңге көлемінде жалақы алып жүрдім. Бірақ 2025 жылы министр Ербол Мырзабосынов келгеннен кейін жалақым үш есе қысқартылды, – деді спортшы.

Оның айтуынша, Қазақстан шахмат федерациясынан ешқашан жалақы алмаған.

– Федерация тарапынан жалақым жоқ және болған да емес. 2025 жылдың соңында блицтен үшінші рет әлем чемпионы атандым. Бұл маған әлемдік шахмат тәжіне үміткерлер турниріне қатысуға мүмкіндік берді. Соған қарамастан министрлік тарапынан жалақым көбейген жоқ, – деді Асаубаева.

Министр уәде берген, бірақ қаржы толық бөлінбеген

Шахматшының айтуынша, қаңтар айында ол жаттықтырушысымен бірге Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновпен кездескен.

– Федерация бөлген қаржы жеткіліксіз екенін айтып, көмек сұрадық. Министр «Спорт Қоры» арқылы жүз пайыз көмектесетінін айтты. Өтінім бердік, бірақ қаражаттың тек бір бөлігі ғана бөлінді. Сол себепті көмекшілерім қашықтан жұмыс істеуге мәжбүр болды. Маңызды турнирге секунданттарын ерте алмаған жалғыз шахматшы мен болдым, – деді ол.

Кейін тағы бір өтінім тапсырылған. Алайда Асаубаеваның сөзінше, қамқоршылық кеңесі қолдағанымен, қор басшылығы өтінімді кері қайтарған.

Орден әлі тапсырылмаған

Шахматшы Президенттің 2025 жылғы 30 желтоқсандағы жарлығымен өзіне ІІ дәрежелі «Барыс» ордені берілгенін еске салды.

– Спорт министрлігінің шақыруымен орденді алу үшін үш рет Астанаға келдім. Бірақ әр жолы сапар кейінге шегерілді. Өкінішке қарай, орденді әлі алған жоқпын. Сіздің атыңызға eOtinish арқылы үш хат жолдадық. Сәуір мен мамырда жіберілген хаттарға әлі жауап келген жоқ. Алда маңызды жарыстар мен оқу-жаттығу жиындары тұр. Не істеуім керек, құрметті Президент? – деп сұрады Асаубаева.

Айта кетейік, бұған дейін шахматшының анасы Лиана Танжарикова Қазақстан шахмат федерациясының президенті, миллиардер Тимур Турлов алғашында қолдау көрсетуге уәде бергенімен, кейін қаржыландырудан бас тартқанын айтқан болатын.

Сайт Әкімшілігі