Биньямин Нетаньяху Трамптың Газа секторына қатысты жоспарын қабылдамады
Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху АҚШ президенті Дональд Трамп құрған «Бейбітшілік кеңесінің» Газа секторына қатысты жоспарын қабылдамайтынын мәлімдеді.
Оның айтуынша, ХАМАС толық қарусызданбайынша Израиль әскері Газа секторынан шығарылмайды.
Нетаньяху бұл туралы жексенбі, 9 тамызда Израиль үкіметінің отырысы басталар алдында айтты.
«ХАМАС қарусызданбайынша Израиль қорғаныс армиясы әскерін шығармайды. ХАМАС қарусыздануы керек дегенде мен ауыр қаруды да, жеңіл қаруды да, қарудың барлық түрін айтып отырмын. Біз көзбояушылық емес, шынайы қарусыздану туралы айтып отырмыз», – деді Израиль премьер-министрі.
Нетаньяхудың сөзінше, ХАМАС әлі де Израильге шабуыл жасауға қабілетті. Алайда қозғалыс Израиль тарапынан қатаң жауап болатынын түсінгендіктен, соңғы апталарда шабуыл жасамаған.
Сонымен қатар Нетаньяху АҚШ президенті Дональд Трампты және Иранның ядролық қаруға ие болуына жол бермеу мәселесіндегі АҚШ пен Израильдің тарихи серіктестігін жоғары бағалайтынын айтты.
«Келісім болса да, болмаса да, мен премьер-министр болып тұрған кезде Иранда ядролық қару болмайтынын тағы да атап өткім келеді. Біз Израильдің қауіпсіздігі үшін қажет нәрсені жасаймыз және қажет болған жағдайда тіпті ең жақын достарымызға қарсы өз ұстанымымызды қорғауды білеміз», – деді ол.
Нетаньяхудың бұл мәлімдемесі Израильде кезектен тыс парламент сайлауы жақындап келе жатқан тұста жасалды. Сайлау 27 қазаннан кешіктірілмей өтуі тиіс.
Трамптың «Бейбітшілік кеңесі» және Газа
15 қаңтарда Дональд Трамп өзі басқаратын халықаралық «Бейбітшілік кеңесінің» құрылғанын жариялаған. Бұл құрылым Израиль мен ХАМАС арасындағы соғыстан кейін Газа секторын қалпына келтіру үдерісіне жетекшілік етуі тиіс. Кеңес құру және көпұлтты күштерді орналастыру Ақ үй басшысының Газаға арналған бейбітшілік жоспарының бір бөлігі.
14 қаңтарда АҚШ президентінің арнайы өкілі Стив Уиткофф Трамптың атынан Газа секторындағы атысты тоқтату келісімінің екінші кезеңі басталғанын мәлімдеді. Бұл кезең ХАМАС-ты қарусыздандыруды және палестиналық полицияға қолдау көрсету үшін Газа секторына халықаралық тұрақтандыру күштерін орналастыруды қарастырады.
Желтоқсанда ХАМАС белгілі бір шарттар орындалған жағдайда қаруын тапсыруға дайын екенін мәлімдеген. Оның негізгі талаптарының бірі – Израиль әскерінің Газа секторынан толық шығарылуы.
«Егер оккупация тоқтатылса, қаруымызды мемлекеттің бақылауына береміз», – деген еді ХАМАС жетекшілерінің бірі Халиль әл-Хайя.
Газа секторындағы соғыс
Қақтығыстың қазіргі кезеңі 2023 жылғы 7 қазанда ХАМАС-тың Израильге жасаған шабуылынан кейін басталды. Шабуыл кезінде шамамен 1200 адам қаза тауып, 250-ге жуық адам кепілге алынып, Газа секторына әкетілді. Кейін олардың бір бөлігі босатылды немесе тұтқын алмасу аясында қайтарылды, ал кейбірі қаза тапты.
Бұған жауап ретінде Израиль ХАМАС-қа соғыс жариялап, Газа секторында әскери операция бастады.
ХАМАС бақылауындағы Газа денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Израильдің әскери операциялары барысында 70 мыңнан астам палестиналық қаза тауып, 169 мыңнан астам адам жараланған. Бұл статистикада қаза тапқандардың қаншасы қарулы топ мүшелері екені жеке көрсетілмейді.