Live

БҚО-да өрт сөндіруші қаза тапты

Батыс Қазақстан облысында қызметтік міндетін атқару кезінде өрт сөндіру бөлімінің взвод командирі Миршат Халиуллин қаза тапты.

Фото: ашық дереккөз

Құтқарушы табиғи өртті сөндіру кезінде ауыр жарақат алған.

Қайғылы оқиға Жәнібек ауданында болған. Тау ауылдық округіндегі «Татран» қыстағында құрғақ шөп өртеніп, оқиға орнына өрт сөндірушілер жіберілген.

Өртті сөндіру барысында Миршат Халиуллин ауыр жарақат алған. Әріптестері оны шұғыл түрде Жәнібек ауылындағы аудандық ауруханаға жеткізгенімен, дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады.

Марқұм отбасының негізгі асыраушысы болған. Оның артында әкесі, інісі мен қарындасы қалды.

БҚО Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерінің қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқанын растады.

«Өртті сөндіру жұмыстары кезінде қызметтік міндетін атқарып жүрген қызметкер жарақат алды. Ол аудандық ауруханаға жеткізіліп, сол жерде көз жұмды. Оқиға бойынша тиісті тексеру жүргізіліп, барлық мән-жай анықталып жатыр. Қаза тапқан қызметкердің отбасына қажетті көмек пен қолдау көрсетілді, оның ішінде жерлеу рәсімін ұйымдастыруға жәрдем берілді», – деп хабарлады БҚО ТЖД баспасөз қызметі.

Қазір оқиғаның нақты қалай болғанын тергеу органдары анықтап жатыр.

Сайт Әкімшілігі