спорт

Боксшы Данияр Елеусінов алкогольге тәуелділіктен емделіп жүргенін мәлімдеді

Қазақстандық боксшы, Олимпиада және әлем чемпионы Данияр Елеусінов жол-көлік оқиғасына қатысты 20 тәулікке қамауға алынғаннан кейін алғаш рет видеоүндеу жариялады.

Фото: ашық дереккөз

Спортшы өз басынан күрделі кезең өтіп жатқанын айтып, алкогольге тәуелділік мәселесімен бетпе-бет келгенін мойындады. Оның сөзінше, ішімдікке деген әуестік Олимпиададағы жеңісінен кейін басталып, уақыт өте келе денсаулығына байланысты ауыр мәселеге айналған.

«Бұл күлетін нәрсе емес. Адамның басына түспейінше, мұның қаншалықты қиын екенін түсінбейді. Мен бір ай бойы оңалту орталығында жаттым. Өз кінәмнен арнайы ұстау изоляторында отырдым. Мен өзімді ақтап алуға тырысып отырған жоқпын. Бірақ проблемаларым туралы ашық айтуым керек», – деді Елеусінов.

Боксшы сонымен қатар қоғамда өзіне қатысты айтылып жатқан сынға тоқталды. Ол алкогольге тәуелділігі оның спорттағы жетістіктерін жоққа шығармайтынын атап өтті.

«Кейбіреулер мені маскүнем деп атайды. Иә, солай болсын. Бірақ соған қарамастан мен Олимпиада чемпионы, әлем чемпионы және кәсіпқойлар арасындағы әлем чемпионы болып қаламын», – деді спортшы.

Бұған дейін Данияр Елеусинов жол-көлік оқиғасына байланысты ұсталып, кейін 20 тәулікке әкімшілік қамауға алынған болатын. Спортшының жаңа мәлімдемесінде ол болған жағдай үшін жауапкершіліктен қашпайтынын айтып, алкогольге тәуелділікпен күресіп жатқанын жеткізді.

Сайт Әкімшілігі